Премьер—министр Олжас Бектенов алдағы Жаңа жыл мерекесіне байланысты облыс әкімдіктері мен жауапты орындарға нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды F16.kz.
Өңір әкімдіктеріне алдағы мерекелерді қауіпсіз өткізу бойынша кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырамын. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, энергетикалық объектілерде қауіпсіздікті және олардың ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етсін. Жылыту және сумен жабдықтау жүйелерінің барлық параметрлерін сақтап, жедел әрекет ету үшін жөндеу бригадаларының кезекшілік кестесін жасау қажет. Жалпы алғанда барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар мереке күндерін сәтті және тыныш өткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауы керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы қысқы демалыс және жаңа жылдық мереке күндері мектеп жасындағы балалардың бос уақытын қызықты өткізу маңызды екенін атап өтті. Оқу-ағарту министрлігіне қауіпсіздік шаралары, соның ішінде қыс мезгіліндегі қауіпсіздікті түсіндіре отырып, қосымша ата-аналар жиналысын өткізу тапсырылды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мереке күндері қауіпсіздік шаралары туралы халықты кеңінен хабардар етуді ұйымдастыру қажеттігі айтылды.




