Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында Ұлан ауданының өнерпаздары Өскемен тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Maxi Mall сауда кешенінде өткен «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты концерт ұлттық өнердің құдіретін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды F16.kz.
Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз күні — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні тойланды. Бұл мереке – халқымыздың сан ғасырлық мәдени мұрасы мен рухани байлығын ұлықтауға арналған маңызды күндердің бірі. Оның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, мәдени құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына ата-баба мұрасын сіңіру.
Мереке қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, концерттер, театр қойылымдары, көрмелер, шеберлік сабақтары мен ұлттық ойындар халықтың бай мәдениетін жан-жақты таныстыруға мүмкіндік береді. Ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, көне музыкалық аспаптар мен әдеби туындылар арқылы қазақ халқының өзіндік болмысы мен ерекшелігі кеңінен насихатталады.

Ұлан ауданының өнерпаздары да бұл күнді кең көлемде атап өтті.
Наурызнама онкүндігі аясында ауданның барлық ауылдарында және Қасым Қайсенов кентінде мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар дәріптеліп жатыр. Бүгінгі шара соның жалғасы десек те болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоғары деңгейде жалғасын табады, — деді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Мәделхан Піржанов.

Өнерпазздар алдымен сауда үйінде ұлттық киімдермен шеру өткізіп, халық әндерін әуелете шырқады. Ары қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Әсем ән мен күмбірлеген күй орындалды. Өнерпаздардың әрбір қойылымы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көрермен қауымның рухын көтерді.
Бұл шараның мақсаты – cалт-дәстүрімізді, ұлттық киімдер мен халық әндерін дәріптеу. Бүгін халыққа мерекелік көңіл-күй сыйладық деп ойлаймын, — деді Балалар музыка мектебінің директоры Бақытжан Аханова.
Бүгінде елімізде тәуелсіздік рухы нығайып, ұлттық бірегейлік айқын қалыптасып келеді. Осы ретте салт-дәстүрді жаңғырту, тарихи мұраны сақтау және оны заманауи тұрғыда дамыту маңызды бағыттардың біріне айналды. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, құндылықтарды қайта жандандыру және ұлттық мәдениет негізінде жаңа көзқарас қалыптастыру – уақыт талабынан туындаған міндет. Осындай тағылымды шаралар әрбір азаматтың өз мәдениетіне деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды бағалауға үндейді. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, рухани мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.




