Ертеректе Сауыр, Сайқан тауларында қар адамы өмір сүрген. Бұл туралы F16.kz тілшісіне Зайсан өңірінің тумасы, зоолог, орнитолог Виталий Хахловтың еңбегіне сүйеніп белгілі натуралист-жазушы, ғалым-орнитолог Борис Щербаков әңгімелеп берді.
Хахловтардың отбасы Зайсан уезінде тұрды, — деп бастады әңгімесін Борис ақсақал. Виталий Андреевичтің әкесі Адрей Степанович Хахлов сол заманда лауазымды қызмет атқарған, қазақ тілін жетік білген, ел ішінде сыйлы адам болған. Ал Виталий Ресейдің Томск қаласында жоғары білім алды. Бір жылы каникулға шығып, ауылына келе жатып дүрліккен жұртқа кездеседі. Сұрастырса, жергілікті халық әлдебір денесін түк басқан, орташа бойлы адамды ұстап алған екен. Содан қаумалаған топтың ішінен біреуі “бұл хайуан, оны өлтіру керек” дейді, енді бірі “адамнан аумайды екен, өлтірсек заңға тартыламыз” деп у-да-шу болады. Ақыры ел ағалары араласып, жабайы адамды босатып жіберіпті. Осы жайтты куәгерлерден естіген студент Хахлов елдің айтуымен адамға ұқсас мақұлықтың бейнесін қағазға түсіріп, пышақтың қырындай ғана жұқа кітап етіп шығарыпты.
Борис Щербаковтың айтуынша, кітап кейін белгілі профессор, палеонтолог Валериан Бажановтың қолына түседі. “Қар адамы” туралы оқиға оны қатты қызықтырады. Сөйтіп, Қазақстанда жұмыспен жүргенде ол бұл жөнінде Щербаковтан сұрайды. Борис Васильевич жерлесі Хахловтың кітабын оқымағынын және “қар адамы” туралы естімегінін айтады.
Кейін Бажанов ол материалды Мәскеудегі ғылым академиясында көпшілік назарына ұсынады. Қателеспесем академик Поршнев болу керек, бірден көңіл аударып, оқиғаны мұқият зерттеп қайту үшін Хахловты Зайсанға жібереді. Виталий Андреевич туған жеріне келіп, жабайы адам туралы ел ішінен сұрастырып, деректер жинай бастайды. Қытаймен шекарадағы әскермен, даладағы малшылармен және басқа да адамдармен сөйлеседі. Сұрастырғандардың ішінде бір-бірін танымайтын, әр өңірде тұратын бес-алты адамның айтқандары бір жерден шығып, деректі бекіте түседі. Шынымен де “қар адамы” Сауыр, Сайқан тауларында кездескен, жергілікті халық оны қалың қамыстың, ну жыныстың ішінен көргенін айтқан. Дегенмен ғалым бұл сапарында әлгі мақұлықтың не өзін, не өлексесін кездестірмейді, – деп жалғады әңгімесін натуралист-жазушы.
Хахловтың бұл еңбегі ресейлік ғалымдардың ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың назарын аударады. Осы сапардан кейін-ақ дүниенің түкпір-түкпірінде “қар адамын” ана жерден көріпті, мына жерде кездесіпті”, “қамап қойған жерден қашып кетіпті” деген сияқты әңгімелер айтыла бастаған.
Менің пайымдауымша, Хахлов жазған, суретін салған “қар адамы” осы типтегі мақұлықтардың соңғы тұяғы болса керек. Олар да баяғы динозаврлар секілді уақыт өте келе азайып, құрып бітті. Ал олардың ертеректе Зайсан өңірінде тіршілік еткені рас, – деп сөзін аяқтады Борис Щербаков.




