Бүгін, 3 шілде күні Зайсан қаласының орталық стадионында ересектер арасында садақ атудан «Ұлы дала мергені – 2026» республикалық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Турнирдің ашылу салтанатында Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ермек Ерланұлы қатысушыларды құттықтап, жарысқа жиналған мергендерге сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысында садақ ату спортын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облыстық садақ ату федерациясының президентіне және өңірдің танымал мергендеріне облыс орталығы мен аудан атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, спортшыларға Зайсан ауданының арнайы төсбелгілері сыйға берілді.
Биылғы республикалық турнирге еліміздің 12 облысынан келген үздік садақшылар қатысуда. Жарыс ережесіне сәйкес, алғашқы болып қыздар арасындағы сайыс аяқталды. Қазіргі уақытта ерлер арасындағы бәсеке жалғасып, мергендер үздіктер қатарынан көріну үшін бақ сынауда.
Ұлттық спортты дәріптеуді мақсат еткен «Ұлы дала мергені – 2026» республикалық турнирі өз жалғасын табуда.





