2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 80-нен астам экспорттаушыға қолдау көрсетілсе, оның 10-ы біздің облыста шоғарланған екен. Бұл туралы Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің өкілдері хабарлады, деп жазады F16.kz тілшісі.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Жақында Шығыс Қазақстанда аталмыш агенттіктің мұрындық болуымен арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – журналистерді мемлекеттік қолдауға ие болған өндіріс орындарының жұмысымен таныстыру.

Жоғарыда жазғанымыздай, жыл басынан бері елімізде 80 компания Экспорттық-кредиттік агенттік тарапынан түрлі қолдауға ие болған. Сол кәсіпорындардың 70%-ы шағын және орта бизнес субъектілері екен. Сыртқа шығарылатын тауардың арасында азық-түлік, металл, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері және құрылыс материалдары бар. Экспорттың негізгі бағыттары – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Моңғолия және Біріккен Араб Әмірліктері.
Айта кетейік, агенттік «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобына кіреді және экспорттаушы кәсіпорындарға, екінші деңгейдегі банктерге, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкіне сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру қорғанысын ұсынады. Бұған қоса ЭКА экспорттаушыларға шетелдік сатып алушылармен байланыс орнатуға жәрдемдесіп, жаңа нарықтарды табуға көмектеседі.
Жалпы, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Экспорттық-кредиттік агенттік тарапынан көрсетілген қолдау көлемі 333 миллиард теңгеден асқан, ал жыл соңына қарай бұл сома 600 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Мұны Шығыс Қазақстанға келген агенттік өкілдері де айтты.
– Шығыс Қазақстан облысы ЭКА-дан жалпы сомасы 30 миллиард теңгеге қолдау алып, көшбасшы-экспорттаушылардың үштігіне енді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша агенттік қолдауының арқасында 10-нан астам экспортқа бағдарланған компания 62 миллиард теңгеден астам соманың жобаларын жүзеге асырды. Негізі, Шығыс Қазақстан облысы экспортты дамыту тұрғысынан зор әлеуетке ие. Осыған байланысты агенттік компаниялар үшін жаңа нарықтар мен мүмкіндіктерге қолжетімділікті арттыра отырып, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетуге ниетті, – дейді Экспорттық-кредиттік агенттік PR қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Жамишжанов.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ИГІЛІГІН КӨРІП ОТЫР
Баспасөз туры аясында қатысушылар аймақтағы бірқатар өнеркәсіптік нысанын аралап, олардың даму қарқыны, өндірісті жаңғырту, технологиялық жаңашылдықтарды енгізу, экспорттық бағыттарды кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы жан-жақты мәлімет алды.
Мәселен, Глубокое ауданында орналасқан майлы дақылдарды қайта өңдеу және өсімдік майын өндірумен айналысатын «Altyn Shyghys» ЖШС. Бұл кәсіпорын 2020 жылдан бері Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің ерікті сақтандыру тетіктері арқылы қолдауына ие болып келеді. Ал 2025 жылдың мамыр айынан бастап зауыт Даму Банкі мен Экспорттық-кредиттік агенттіктің бірлескен жаңа бағдарламасына алғашқылардың бірі болып қосылды. Бұл бағдарлама экспорт алдындағы қаржыландыру мен сақтандыру тетіктерін ұсынып, кәсіпорынның сыртқы нарықта сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта зауытта рафинация және дезодорация цехтарының құрылысы жүріп жатыр, олар келесі жылдың басында іске қосылады. Сонымен қатар, бөтелкелеу желісі де орнатылуда.

– Тәулігіне 1 400 тонна күнбағыс майын шығарамыз, ал қыркүйек айының соңына қарай бұл көрсеткішті 1 800 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Өнімнің 90 пайызы Орталық Азия елдері мен Қытайға экспортталады. Жаңа өндірістік қуаттар іске қосылған соң ішкі нарықты да қамтуды жоспарлаудамыз. Мемлекеттік қолдау жұмысымызға тың серпін берді, – дейді кәсіпорын басшысының орынбасары Павел Писаренко.
Ал Өскемендегі «Востокмашзавод» АҚ жақында шетелдік сатып алушымен арматура және шаршы қималы болат дайындамаларын жеткізу жөнінде ірі келісімшарт жасасыпты. Бұл ретте келісім Экспорттық-кредиттік агенттіктің сақтандыру қолдауымен жүзеге асқанын айту керек. Мұндай тетік сыртқы нарықтағы төлем кепілдігін қамтамасыз етіп, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта аталмыш кәсіпорын өндірген өнімін Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Ресей нарықтарына экспорттауда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында зауыт қосылған құны жоғары өнім шығаруды жолға қойып, өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарын тиімді жүзеге асырып отыр.

Экспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауына ие болған тағы кәсіпорын – «Altai Mai» ЖШС. Майлы дақылдарды терең өңдеумен айналысатын бұл зауыт 2020 жылдан бері Өскемендегі бұрынғы арақ-шарап зауытының аумағында салынуда. Кәсіпорын тәулігіне 500 тоннадай өнім өңдей алады. Жобаның жалпы құны 20 миллиард теңгеден асады. Зауыт толыққанды іске қосылғанда 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.
– Аграрлық несие корпорациясынан қаржыландыру алып, Экспорттық-кредиттік агенттіктің сақтандыру тетіктерін пайдаландық. Қазіргі уақытта тәулігіне 220 тонна шикі май мен 120 тонна тазартылған май өндіреміз. Өнімнің басым бөлігі экспортқа жөнелтіледі, ал қалғаны ішкі нарыққа жеткізіледі. Шикізаттың көп бөлігі – жергілікті фермерлерден, қажет болған жағдайда Ресейдің Алтай өңірінен де тасымалданады, – дейді зауыт директоры Нұржан Меджанов.
ЭКА бұл кәсіпорынмен 2023 жылдан бері серіктестікте жұмыс істеп келеді. Қолдау дебиторлық берешекті сақтандыру және айналым қаражатын толықтыру арқылы көрсетілуде. Шығарылатын өнім Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай сияқты елдерге жөнелтіледі.

КЕЗ КЕЛГЕН КОМПАНИЯҒА ЕСІГІ АШЫҚ
– ЭКА алдына биік мақсаттар қояды. Оларға қол жеткізу үшін жаңа өнімдер әзірленуде және әлемдік стандарттар мен нақты нарықтардың қажеттіліктеріне бейімделген ағымдағы құралдар жетілдірілуде. Цифрландыру мен жасанды интеллектке ерекше назар аударылып отыр, бұл клиенттермен өзара әрекеттесуді жеңілдетуге көмектеседі. Осылайша, цифрлық сервистерді дамытудың арқасында агенттіктің қызметтерін алу жеңілдей түсті, – дейді ЭКА мамандары.
Агенттік өкілдері, сондай-ақ экспорттаушылар өтінішті ЭКА ресми сайтында немесе bgov.kz порталында жеке кабинет арқылы бере алатынын айтты. Жүйе нақты уақыт режимінде өтінімнің күйін бақылауға мүмкіндік береді.
Осы ретте ЭКА қызметтерін шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді көрсетумен айналысатын кез келген қазақстандық кәсіпорын пайдалана алатынын айтқан абзал.
