Бүгін Өскеменде алғаш рет шырға тарту сайысы өтті. Қазақ халқының тереңнен тамыр тартқан аңшылық өнерімен ұштасқан ерекше спорт түрін тамашалауға қала іргесіндегі жазыққа біраз адам жиылды. Аузымен құс тістеген жиырмадан астам тазы жарыс көрігін қыздырды, деп хабарлайды F16.kz.
Көнекөздердің айтуынша, қазіргі «шырға тарту» деп атап, ит жүгіртіп жүрген бұл сайыс ертедегі қазақтың аңшылық дәстүрмен тамырласып жатыр. Шырға тартуды бабаларымыз бағзы заманда бүркіт баптағанда қолданған екен. Қыранның балапанын аңға үйрету үшін шырға сүйретіп, соған түсірген. Ал тазыға шырға тарту кейін пайда болып, кеңінен таралып кетті. Мұнда иттің жүйріктігі мен ептілігі сыналады. Шырға тарту әзірге ұлттық спорт түрі ретінде бекітілмегенімен құмайлардың жарысы еліміздің түкпір-түкпірінде дүркіреп өтіп, оны қызықтайтын жанкүйерлер қатары да жылдан-жылға көбейіп келеді. Өскемендік итбегі Әлихан Байтіковтің айтуынша, Шығыс өңірінде тазы баптайтын әуесқойлар көп болғанымен олардың басын қосатын федерация жоқ.
Мұндай жарыс Өскеменде бірінші рет өтіп отыр. Сайысқа өзімнің 13 қар басқан “Жебе” атты тазымды әкелдім. Шырға тартуға жиыны 22 ит қатысты. Топтық сында екінші, жаппай жүгіруде бірінші орынды жеңіп алдық. Қуаныштымын. Бір айта кететін жәйт, өңірдегі тазы баптайтын азаматтардың басын құрап, түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын бір федерация керек бізге. Өйткені облыста саятшылықпен айналысатын, тазы ұстайтын адамдар аз емес. Егер федерация болса оларға да жақсы қолдау болар еді, бағыт-бағдар беріп, республикалық, халықаралық жарыстарға баруға көмектесетін еді, – деді чемпион атанған “Жебенің” иесі Әлихан Байтіков.

Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Өскемен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Диас Ерланұлы алдағы уақытта Өскеменнің итбегілерін жинап, мәселені шешудің жолдарын қарастыратынын айтты.
Кез келген спорттың дамуы үшін оған қолдау, насихат керек. Бүгінгі шырға тартуды өткізудегі мақсатымыз да дәстүрді дәріптеп, тазыны қазақтың брендіне айналдыру. Мұндай жарыс облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қала әкімінің тікелей қолдауымен қолға алынған шара болашақта дәстүрлі түрде өткізіледі және оған облыстың аудандарынан саятшыларды шақырамыз. Бүгінгі сайыстың өзі қалалық болғанымен оған Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Күршім аудандарынан қатысушылар келді. Болашақта жарыстың ауқымын кеңейтіп, деңгейін көтеру жоспарда бар. Ал тазы федерациясына келсек, жуықта өскемендік итбегілермен кездесіп, бұл мәселені талқылайтын боламыз, – деді Диас Ерланұлы.
«Тұйғын» атты тазысын жарысқа қосқан тарбағатайлық Ботажан Жұмақанов шырға тартуды әлі де жетілдіре түссе деген ұсынысын айтты. Өйткені кейбір иттер түлкі терісін сүйреткен мотоциклдің соңынан жүгірмей қояды.
Шырға тартып үйренбеген тазылар түлкі терісі байланған мотоциклдың соңынан жүгірмей, бірін-бірі қуалап, өз алдына кетеді. Сол үшін ең әуелі мотоциклдың орнына арнайы аппарат қолданса. Басқа қалаларда бар ондай. Теріні байлап жібереді, ол сыммен зулап отырады. Сондай-ақ жүгіргелі тұрғанда тазыларға тірі қоянды көрсетіп, табиғи инстинктін отса, содан кейін барып тері байланған аппараттың соңынан жіберсе нәтижесі әлдеқайда жақсы болады, – деді топтық жарыста жүлделі үшінші орынды иеленген «Тұйғынның» иесі.

Конституцияның 30 жылдығы мен Қала күніне орай ұйымдастырылған шырға тарту сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері 30 тамызда Өскеменнің Республика алаңында өтетін салтанатты кеште марапатталады. Жүзден жүйрік шыққандарға кубоктар мен қомақты ашалай сыйлықтар табысталады.




