Енді Өскеменде ауладағы қоқыс жәшіктеріне ескі жиһазын, тоңазытқыш немесе басқа да ірі көлемді қоқыс тастағандар жауапқа тартылады. Оны бақылау мақсатында бірнеше қоқыс алаңына камера орнатылып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы бері ірі көлемдегі және қатты тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастау деректерін анықтау үшін арнайы рейд ұйымдастырылып келеді.
Облыс көлемінде мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабы бойынша мыңнан астам хаттама толтырылды. Оның ішінде ауладағы қоқыс жәшіктеріне ірі көлемдегі қоқыстарды тастап кеткен 30-дан астам жағдай тіркелді, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Қазір абаттандыру нормаларының сақталуын бақылау үшін Өскемендегі жеті қоқыс алаңына бейнекамералар орнатылған. Енді Қабанбай батыр көшесі, 116; Тынышпаев көшесі, 139; Ғарышкер көшесі, 10, 12/2; Буров көшесі, 9, 25 және Мызы көшесі, 15 мекенжайлары қатаң бақылауға алынады.




