Өскемендегі Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесі қиылысында екі деңгейлі жолайрықтың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Көпдеңгейлі жолайрық Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарын және Жібек жолы мен Базовая көшелерін байланыстырады.
Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жолайрық салу жұмысы үш кезең бойынша жүзеге асырылады.
— Бірінші кезең инженерлік желілерді алып тастауды қамтыды. Бұл жұмыстар аяқталды. Екінші кезеңде уақытша айналма және жобалық жолдар салынады. Үшінші кезеңде көпірдің өзі салынады. Қазіргі уақытта жол бөлігін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл айналма жолды пайдалануға беру және көпірдің құрылысын бастау жоспарланып отыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Ибраев.
Жыл соңына дейін жобаның бірінші кезеңі – айналма жол мен бұрылыс құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал жол айрығының құрылысын, оның ішінде көпірді 2026 жылға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жаңа жолайрық екі деңгейлі болады деп жоспарланған: біріншісі – айналма жол, екіншісі – Сәтбаев және Есенберлин даңғылдарына апаратын жол.




