Өскеменде Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар легі басталып кетті. Соның бірі деп бүгін қаладағы жоғары политехникалық колледжі ғимаратында өткен «JASTAR CUP-2025» пікірсайыс турнирі мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да ұйымдастырылған қалалық куиз ойынын айтуға болады, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемен қаласы әкімдігі, «Тәуелсіз зерттеу орталығы», «Өскемен пікірсайыс ассоциациясы», Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ және Өскемен жоғары политехникалық колледжінің мұрындық болуымен өткен іс-шараларға қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттер, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.
Пікірсайысшылар турнирінің бас төрешісі әрі ұйымдастырушысы Жігер Сәрсенбаевтың айтуынша, бұл күнгі сайыстар таңның ертесінен басталды. Үш раундтан, сондай-ақ плей-офф кезеңінен тұрған турнир тартысқа толы болды. Жалпы, бұл жолғы пікірсайысқа қаламыздағы бес колледж бен екі университеттен 60-тан астам студент қатысыпты.
– Пікірсайыстың мақсаты – қаланың белсенді де талантты жастарын жинау, бастарын бір арнаға тоғыстыру. Бұған қоса, биыл еліміздің егемендігі туралы декларацияға 35 жыл екенін білесіздер. Осы айтулы дата құрметіне, Республика күні қарсаңында бүгінгідей ауқымды іс-шара өткізуді жөн деп таптық. Бұл жолғы пікірсайыста қозғалған негізгі тақырыптар нашақорлық, лудомания, сөз бостандығы, демократия сияқты қазіргі уақытта өзектілігін жоғалтпай тұрған мәселелерге арналды. Әрине, пікірсайысшылар Республика күнін де назардан тыс қалдырған жоқ. Жалпы, сайыстар жоғары деңгейде өтті деп айтуға болады. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге алғыс хаттар, дипломдар мен кубоктар табысталды, – дейді Жігер Сәрсенбаев.
Негізі, Өскемен қаласында пікірсайысшылар қозғалысы бұрыннан бар екенін айтқан жөн. Дегенмен, соңғы бірнеше жылда жеткен жетістігі бір бөлек. 2022 жылдан бері қарқынды дамып келе жатқан Өскемен пікірсайысшыларының қозғалысы бүгінде республика аумағында кеңінен танылып, мойындалған. Қаламыздың от ауыз, орақ тілді қыз-жігіттері республикалық жарыстардың чемпиондары екенін айтқан жөн. Ой жүйріктігімен, парасат-пайымымен көпті тәнті еткен пікірсайысшыларымыз «Хабар» агенттігінің «Азамат» атты тележобасына да қатысып үлгерген. Cондай жігіттердің бір деп бүгінгі іс-шараның басы-қасында жүрген Жігер Сәрсенбаевты айтуға болады.
– Біздің қалада ғана емес, облыс аумағында, аудандарда да түрлі тақырыптарды қаузайтын пікірсайыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облыста мектеп лигасы, студенттік лига сияқты бірнеше бөлек жарыс бар. Мәселен, мектеп оқушылары арасында жылына төрт рет облыстық деңгейдегі сайыстар өтіп тұрады. Үздіктер республикалық жарыстарға барады. Ал студенттер арасындағы бәйсекелер апта сайын ұйымдастырылады. Дәл қазір облысымызда пікірсайысқа ден қойған 300-ге жуық жас бар, – дейді Ж.Сәрсенбаев.
«JASTAR CUP-2025» пікірсайыс турнирі аяқталған соң, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Республика күніне арналған қалалық куиз ойыны ұйымдастырылды. Оған 20-ға жуық команда, 150-ге тарта зияткер қыз-жігіттер қатысты. Аса қызықты өрбіген интеллектуалды ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды «Kelisipalaiyq» командасы жеңіп алса, екінші орынға «А-сыра сілтеу» куизмендері тұрақтады. Ал үздік үштікті «QadamNEXT» командасы түйіндеді.





