Өскеменнің іргесіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1957 жылы ашылған. Қолданылу мерзімі 2020 жылы аяқталған қоқыс орны қазір аузы-мұрнынан шыға толып, қоршаған ортаға залал келтіріп жатыр. Полигон маңындағы елдімекен тұрғындары жағымсыз иістен, шашылған қоқыс пен өртенгенде төңіректі бүркейтін қалың түтіннен әбден зәрезап болғанын айтады. «Ең қиыны — ауызсудың ластануы» дейді жергілікті жұрт. Tereze журналистері тұрмыстық қалдықтар полигонына барып, таспаға түсірді.
Қаланың қоқыс полигоны. Құс биігінен қарағандағы көрініс. Полигонды айнала Орман шаруашылығы, Красин, Шмелев лог, Степное, Ушанов қатарлы ауылдар мен бірнеше саяжай бірлестігі орналасқан.

Фото: Tereze
Көкжиекте көрініп тұрған бұл ауыл — Орман шаруашылығы. Облыстық экология департаментінің мәліметінше, полигонның санитарлық қорғау аймағы — 500 метр. Қазір қоқысқа ең жақын тұрғын аудан учаске шекарасынан 300 метр жерде орналасқан. Ал қоқыс көміліп жатқан нақты аумақ пен ең жақын тұрғын аймаққа дейінгі арақашықтық — 538 метр.

Экология департаменті жүргізген тексеру барысында полигонда қалдықты қабылдау және бақылау дұрыс жүргізілмейтіні анықталған. Атап айтқанда, қалдықтар толық есепке алынбайды, қауіптілігіне қарай бөлек қабылданбайды. Соның салдарынан оларды залалсыздандыру немесе қайта өңдеу қиындайды, тиімділігі төмендейді және қоршаған ортаға зиян келу қаупі артады. Бұл Экология кодексінің талаптарын бұзу болып саналады.

Қоқыс полигонында тұрмыстық техникадан бастап пластик бұйымдардың түр-түрі, макулатура, құрылыс қалдықтары, автокөлік шиналары мен басқа да заттар толып жатыр.

Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қатты қалдықтар полигонына жыл сайын шамамен 65 мың тонна қоқыс төгіледі. Ал полигон ашылғалы жиналған қоқыс көлемі 7 млн тоннаға жуықтайды.

Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің мәліметінше, 2023 жылы жазда болған өрт кезінде желге қарсы бағытта ауадағы формальдегид мөлшері рұқсат етілген ең жоғары концентрациядан алты есе асып кеткен. Осы жағдайға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 324-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылған.

Орман шаруашылығы ауылына апаратын жолдың қос қапталы қалың тал-терек. Жел ұшырған целлофан пакеттер төңірекке шашылып, ағаштардың басына ілініп қалған.

Біз полигонның дәл түбінде тұрғандықтан, құдықтың суы сап-сары, ішуге жарамайды. Жеміс егуге де келмейді, өспейді. Жазда мүңкіген күлімсі иістен тысқа шыға алмай қаламыз. Жел ұшырған целлофан пакеттер үйдің ауласына дейін шашылады. Одан қалса қоқыс өртенеді, — дейді саяжай тұрғыны Альмира Омарбекқызы.

Cаяжайда орталыққа қосылған ауызсу желісі жоқ. Әркім өз ауласынан құдық қаздырып алған. Бірақ оның суы ішуге жарамайды. 2-3 жыл бұрын СЭС келіп тексеріп, ішуге жарамайды деді. Өйткені іргемізде қоқыс, бергі жағы — шошқа қора, мына жерде — зират. Жоқ болған соң қараймыз ба, іштік. Мына суды кейінгі екі-үш жылда ғана тасып жүр, — дейді саяжай тұрғыны Мырзахмет Жұмағұлов.

Су алып тұрған саяжай тұрғыны. Бұл елдімекендерге ауызсу аптасына екі рет арнайы көлікпен тасымалданады.

Өскеменнің қоқыс полигонында арнайы экран қабаты болмаған соң улы заттар жаңбырмен бірге топыраққа сіңіп, жерасты суын ластайды. Ал олардың ішінде мырыш, мыс, марганец, сынап, қорғасын, күшәла бар. Жақын маңдағы елдімекен тұрғындары суды ұңғымадан (құдық — ред.) немесе бастаудан алып ішсе, бұл улануға, жұқпалы аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Себебі қоқыс полигонында қауіпті заттар ғана емес, ауру тудыратын микрофлора да болады, — дейді тәуелсіз эколог Дәулет Асанов.

2025 жылы қалдықтар полигонына қоқыс көмуге рұқсат беру уақыты аяқталды. Қазір жаңа полигонға жер телімін қарастырып жатырмыз. Ол Ұлан және Глубокое аудандарының бірінің аумағында салынуы мүмкін. Жаңа полигон барлық талапқа сай жұмыс істейді. Аумағы қоршалады. Бақылау бекеті, салмақ өлшеу орны, техникаға арналған бокстар, қоқыс сақтайтын ұяшықтар болады. Үлкен шұңқыр қазылып, қалдықтар жерасты суын ластамау үшін геомембрана қабаты төселеді. Қоқысты сұрыптау, өңдеу технологиясына ерекше назар аударылады, — дейді Өскемен қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.





