Өскеменнің Алаш шағын ауданында ұлан—асыр той болды. Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды дүйім жұрт дүркіретіп атап өтті. Қыстан аман шыққан ағайын арқа—жарқа қауышып, ағыл—тегіл тілек айтты, аста—төк дастархан жайып, наурызкөжеден дәм татырды. Бұл күні ата дәстүр дәріптеліп, салт—сана жаңғырды, ұлттық құндылықтар ұлықталды. F16.kz журналистері көктем мерекесінен көпшілікке репортаж ұсынады.
Қазақ халқы үшін Наурыз мейрамы тек күнтізбедегі мереке емес, ол – табиғатпен үндескен тіршіліктің, жаңару мен жасампаздықтың символы. Ежелден ата-бабамыз бұл мейрамды бір күнмен шектемей, бір ай бойы атап өтіп, әр күнін игі істер мен ақжарма тілектерге арнаған. Қар еріп, жер бусанып, тіршілік атаулы қайта түлейтін шақта ұйымдастырылатын Наурыз думаны – халқымыздың өмірге деген сүйіспеншілігінің көрінісі.
АБАШ АҚЫННЫҢ АРНАУЫ
Бұл күні Өскеменнің Сол жағалауындағы Алаш ауданы (20-шы тұрғын аудан) ерекше күйге бөленді. Бұл мереке тек ойын-сауық емес, елдің бірлігін бекемдейтін, көрші-қолаңды жақындастыратын рухани алаңға айналғанын ерекше айта кету керек.
Биік төбеге аппақ ақ киіз үй тігіліп, іші-сырты ұлттық нақышта безендірілді. Дәл осы жер мерекенің негізгі орталығына айналып, ән мен күй, би мен жыр қатар өрілген сахна құрылды. Көпшілік ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді жаңғыртып, өткен мен бүгіннің арасын жалғағандай әсер қалдырды. Белгілі айтыскер ақын Абаш Кәкенов жиылған қауымға жырдан шашу шашып, өлеңмен өрілген арнауын тарту етті.
Шағын аудан тұрғындарын қалалық мәслихаттың төрағасы Александр Светаш бастаған депутаттар, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен депутаттар құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
Көктемнің шуақты мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа бақ-береке, мол ырыс әкелсін. Ел іргесі бүтін, аспанымыз ашық болсын. Туған отанымыз – Қазақстанымыз өсіп, өркендей берсін! Жаңа жылымыз жақсылығын әкелсін! – деді Александр Светаш.
Ортаға шығып сөз сөйлеген зиялы қауым өкілдері шағын аудан тұрғындарының ұйымшылдығын, ауызбіршілігін ерекше атап өтіп, мұндай игі бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін жеткізді. Әрбір айтылған тілек – елдің амандығы мен берекесін тілеген жүректен шыққан сөздер болды.
Мерекелік бағдарлама аясында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, өнерлі жандар өз шеберліктерін паш етті. Ән мен жырдан, ұлттық киім үлгілерінен өткен сайыстар көрерменнің қызығушылығын арттырды. Бұл тек жарыс емес, ұлттық мәдениеттің көрінісі, ұрпақ сабақтастығының белгісі еді.
Биыл төртінші жыл Наурыз мейрамын өткізіп жатырмыз. Киіз үй тігіп, сахна құрдық. Былтыр ашылған шағын футбол алаңының ішіне ұзыннан-ұзақ дастархан жайып, наурызкөжеден дәм ұсындық. Мерекелік концерт, ұлттық киімдер байқауы, балалар арасында тақпақ айтудан сайыс, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Осының бәріне тұрғындар өзі атсалысып, ұйымшылдық көрсетті. Демеушілік жасаған азаматтар да бар. Биыл бірінші рет «Карина» мейрамханасынан осы төбеге дейін ұлттық киім киіп, шерулетіп жүріп келдік. Мұның бәрі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі, өнеге деп білемін, – деді Алаш шағын ауданының тұрғыны, жергілікті ақсақалдар алқасының төрағасы Еркін Қасымов
Шараға арнайы келген «Дәстүрге жол» қазақ аналары қоғамдық бірлестігінің өкілдері ұлттық киімдерін киіп, мерекенің сәнін келтірді. Ақ жаулықты аналардың ақ тілегі – әрқашан берекенің бастауы. Олардың жылы лебізі көпшілікке ерекше әсер сыйлап, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.
Бүгін біз – аналар Наурыз тойына арнайы ұлттық киімдерімізді киіп келдік, сахнаға шығып өнер көрсеттік. Мереке жақсы өтіп жатыр. Жыл сайын осылай Ұлыстың ұлы күнін атап өте берейік. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! – деп ізгі ниетін білдірген ақ жаулықты аналар сахнада «Аман ба?» әнін шырқап, көптің ықыласына бөленді.
НАУРЫЗ ДӘМІ — НАУРЫЗКӨЖЕ
Наурыз тойының ажырамас бөлігі – наурызкөже. Бұл күні жиналған қауымға наурызкөже ұсынылып, Өзбекстаннан арнайы келген аспаздар дайындаған дәмді палау таратылды. Бір дастархан басына жиналған адамдар бір-біріне ақ тілектерін айтып, мерекенің шынайы рухын сезінді. Бұл – татулық пен кеңпейілділіктің айқын көрінісі.
Бұрын Ұлан ауданының Тарғын ауылында тұрдым. Осында көшіп келгелі төрт жыл болды. Сол біз көшіп келген жылдан бері Алаш ауданында Наурыз мейрамы тұрғындардың ұйымшылдығымен кең көлемде тойланып келеді. Мерекенің жылдан-жылға ауқымы кеңіп, деңгейі өсіп отыр. Алдыңғы жылдары «Карина» мейрамханасының маңында болған, биыл осы төбеге шығып жатқан жайымыз бар. Бәрі керемет, көңілден шықты. Осындай бейбіт заман тұра берсін. Әлемде не болып жатқанын естіп, көріп отырмыз. Аумалы-төкпелі заманда еліміз аман болсын! – деді аудан тұрғыны Екпін Шәкенұлы.
Мереке тек өнермен ғана шектелмей, ұлттық спорт түрлерімен де жалғасын тапты. Гір көтеру, арқан тарту, ләңгі тебу, қол күресі сынды сайыстарда жастар мен ересектер белсенділік танытты. Бұл жарыстар арқылы халықтың күш-қайраты мен ептілігі сыналып ұлттық ойындардың маңызы дәріптелді.
Алаш тұрғындарының айтуынша, бұл мереке жыл сайын өз күштерімен және демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Әр үй, әр отбасы ортақ іске үлес қосып, бірліктің үлгісін көрсетті. Мұндай бастамалар – ел ішіндегі татулықтың, өзара құрметтің нақты көрінісі. Бұл думан – тек бір күндік қуаныш емес, ол – ұлттың рухын көтеретін, дәстүрді дәріптейтін, келешек ұрпаққа өнеге болатын тағылымды шара.




