«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Разин ауылдық округіне қарасты Красная Шемонаиха ауылында учаскелік полиция пунктінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шараға ШҚО ПД бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков, Шемонаиха ауданының әкімі Ержан Шурманов, ауданның ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа учаскелік полиция пункті «Белокаменское» ЖШС-нің қолдауымен әлеуметтік әріптестік аясында ашылған.
Енді Красная Шемонаиха, Медведка және Белый Камень атты үш ауылдың тұрғындары учаскелік полиция инспекторына тұрғылықты жері бойынша жүгіне алады. Ауылдық округте 800-ден астам адам тұрады. Аумақ Ресей Федерациясымен шекаралас аймақта орналасқан. Сонымен қатар округ арқылы республикалық маңызы бар «Өскемен – Шемонаиха – РФ» тасжолы өтеді. Красная Шемонаиха ауылынан мемлекеттік шекараға дейінгі қашықтық – 25 шақырым, — деді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Аталған пункттің ашылуы тұрғындар үшін құқық қорғау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға және ауылдық округ аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.
Аталған әкімшілік аумаққа учаскелік полиция инспекторы Жанболат Қажмұханов қызмет көрсетеді. Жаңа пунктің ашылуы шекара маңындағы ауыл тұрғындарымен байланысты нығайтып, округ аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.




