Жақын күндері жадырап жаз шығып, Шығыс Қазақстанда жазғы туристік маусым басталады. Алыс-жақыннан аймағымызға ағылатын туристер саны да жылдын жылға артып келеді. Қазір өңірде жағажайлар абаттандырылып, туристік және шомылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін өткен әкімдік отырысында аймақ басшысы шомылу маусымына дайындық пен демалушылардың қауіпсіздігін басты назарға алды.
Былтыр облысқа 446 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға көп. Өңірде туристерге арналған 412 орналастыру орны, демалыс базасы мен қонақ үй жұмыс істеп тұр. Туристік саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 21,6 млрд теңгені құраса, көрсетілген қызмет көлемі 9,8 миллиард теңгеге жеткен. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 36 санитарлық-гигиеналық торап бар, олардың 17-сі субсидияланады. Сонымен қатар сұранысқа ие туристік бағыттар бойынша қосымша 9 торап орнату мәселесі басқарма тарапынан пысықталып жатыр, — деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов.
Басқарма басшысы шомылу маусымы қарсаңында жағажайларды ретке келтіру жұмыстары да қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
Өскемендік тұрғындары мен шаһар қонақтары қаладағы «Самал», «Котлован» және «Көгілдір көлдер» жағажайларында демала алады. Қазір әр демалыс орнында абаттандыру жұмыстыранын бөлек, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқару бекеттерін орнату, автотұрақтар салу жұмыстары қолға алынған.
«Самал» саябағындағы жағажай халықтың сүйікті демалыс орнадырынң бірінеайналып келеді. Биыл оны абаттандыру үшін 500 миллион теңге бөлінді. Аумақты толық тазартып, бейнебақылау камерасын және құтқару бекетін орнатуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ санитарлық тораптар мен душ кабиналарын жөнделіп, жағажай аумағындағы су ағысының жылдамдығын төмендету үшін гидротехникалық жұмыстар жүргізіледі, — деді Ержан Сембинов.
Ал «Котлован» жағажайында былтыр 140 орындық автотұрақ салынып, жарық тартылған. Жағажай аумағына құ төселіп, абаттандырылған. Биыл қосымша жаңғыртуға тағы 70 миллион теңге қарастырылып отыр. Ол қаржыға самалжай мен жағажай орындықтары мен санитарлық тораптар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді.
Өңір тұрғындары жиі ат басын бұратын «Көгілдір көлдер»жағажайы судағы қауіпсіздік талаптарына сай болғанымен, санитарлық себептерге байланысты былтырдан бері жұмысын тоқтатқан. Биыл демалыс орнының жұмыс істеп-істемейтіні су сапасына жасалатын сараптама нәтижесінен кейін белгілі болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлан ауданына қарасты Шалқар көлінде де жағажайды жаңғырту, аумақты кешенді абаттандыру және инфрақұрылымды кеңейту жоспарланғанын жазғанбыз.
Жергілікті халықтан бөлек, мұнда соңғы жылдары алыс-жақын өңірлерден арнайы келетін туристер саны артқан. Сондықтан биыл кеңейтіліп, кіреберіс жолдарға асфальт төселді, санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылып, аумақ абаттандырылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Ол мақсатта 132 миллион теңге бөлінген. Жоба аясында жағажай аумағы кеңейтіліп, медициналық пункт, тамақтау аймақтары салынып, жағажай орындықтары, самалжай орнатылмақ. Ауқымды құрылыс жұмыстарына байланысты жағажай уақытша келушілерді қабылдамайды.
Тамылжыған табиғатымен көпшілікті таңдай қақтыратын Жаңа Бұқтырма кентінде де алдағы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Қоқыс жәшіктері, ақпараттық стендтер мен құтқару мұнарасы орнатылған. Қазіргі күні кент ішіндегі жылу желілерін қайта жаңарту және туристерге арналған инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін жағалауда жаңа Арбат салу жоспарланғанын бірнеше рет жазғанбыз. Алайда, бұл жұмыстарға әзірге қаржы қарастырылмаған.
Жиында баяндама жасаған ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов облыс бойынша жаппай демалуға және шомылуға арналған 23 аумақ барын айтты. Оның ішінде 9 коммуналдық, 8 жеке, 1 муниципалды жағажай бар.
Департаментке су айдындарының түбін тексеру бойынша сүңгуірлік жұмыстарды жүргізуге 11 өтінім келіп түсті. Бұл жұмыстар осы айдың соңына дейін жүргізіледі. Облыс акваторияларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 5 құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ шомылу маусымы кезінде Самар ауданының Сарыбел ауылдық округінде құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді арнайы техника мен жүзу құралдарына орналастыру арқылы жылжымалы құтқару бекетін іске қосу жоспарланған, — деді ол.
Жиын соңында аймақ басшысы туристік инфрақұрылымды жетілдіру, қауіпсіздікті күшейту және сервисті дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.




