Үлкен Нарын ауданы прокуратурасының бастамасымен және аудандық полиция бөлімінің қатысуымен «Біз есірткіге қарсымыз» және «Жол қозғалысы ережелерін сақтаймыз» тақырыптарында эстафеталық жарыстар мен сурет байқауы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Аталмыш шаралар аясында балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерінде «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы мен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, қызметтік автокөліктерді таныстырды.
«Көңілді эстафета» байқауының қорытындысы бойынша үшінші орынды «Достар» командасы, екінші орынды «Қазақ рухы» командасы, ал бірінші орынды «Тұран-1» командасы иеленді.
Сурет байқауында «Тұран-1» командасы үшінші орынға тұрақтаса, екінші орынға «Достар» командасы ие болды. Ал «Қазақ рухы» командасы сайыс жеңімпазы атанды.
Іс-шара соңында аудан прокуратурасы полиция бөлімімен бірлесіп балалармен профилактикалық әңгіме өткізіп, жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін түсіндірді.




