Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданында қайта өңдеу өндірістерін құру үшін инвесторларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, ауданның өнеркәсіптік өнімінің негізгі бөлігін құрылыс материалдарын, дайын бетон және асфальт-бетон өнімдерін шығаруға маманданған «Элхон» серіктестігі өндіреді.
Өткен жылы кәсіпорын құны 1,4 млрд теңге болатын асфальт-бетон зауытын іске қосты. Қайта өңдеу өндірісун қолға алу керек. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына аудан аумағында жаңа қайта өңдеу өндірістерін құру үшін инвестор тартуды тапсырамын, — деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі туризм саласын да басты назарға алды. Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 550-ден астам орынды құрайтын 9 туристік орналастыру нысаны жұмыс істеп тұр.
Биыл жарты жыл ішінде ауданға 3000-нан астам турист келген. Емдеу-сауықтыру, экологиялық және спорттық туризмді дамыту — негізгі бағыттардың бірі. Бұл бағыттарды дамыту туристердің болу ұзақтығын арттыруға және жаңа туристік өнімдерді жасауға ықпал етеді, — деп атап өтті Нұрымбет Аманұлы.
Үлкен Нарын ауданында өткен жылы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына арналған бағдарлама аясында бірқабатты үй (2 пәтер) сатып алынды. Биыл жалпы ауданы 1,3 мың шаршы метр болатын 30 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Облыс әкімі жыл соңына дейін үйлердің құрылысын аяқтауды және аудандағы тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі ұлғайту шараларын қабылдауды тапсырды.




