F16.KZ
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU
No Result
Барлық нәтижені қарау
F16.KZ
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU
No Result
Барлық нәтижені қарау
F16.KZ
No Result
Барлық нәтижені қарау

Алтай төрінде түркі рухы түлеген күндер

Madina Kainarova Madina Kainarova
15.07.2026, 11:24
Жаңалықтар, Катонқарағай, Киелі Алтай, Мәдениет, Репортаж, Фоторепортаж
Фото: F16

Фото: F16

Катонқарағай тағы бір тарихи сәттің куәсіне айналды. 10–12 шілде аралығында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі мыңдаған адамның басын қосып, ұлттық рухты асқақтатқан, туризмнің тынысын кеңейткен айтулы мәдени оқиға болды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі. 

Қарт Алтай талай тарихи кезеңнің куәсі. Бұл өлке сақ пен ғұнның, көк түріктің ізі қалған қасиетті мекен ғана емес, күллі түркі дүниесінің алтын бесігі саналады. Сол қасиетті өлкеде өткен үш күндік халықаралық фестиваль Алтайдың рухын қайта жаңғыртып, Катонқарағайды әлем назарын аудартқан үлкен мәдени орталыққа айналдырды.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Фестиваль басталардан бірнеше күн бұрын-ақ ауданға ағылған көліктер легі көбейді. Өскеменнен Катонқарағайға дейінгі жолда көлік қозғалысы үзілмеді. Жол бойындағы демалыс орындары мен қонақ үйлер лық толып, ауыл тұрғындары үйлерін қонақтарға жалға берді. Үй таппағандар арнайы ұйымдастырылған кэмпинг аумағына шатырларын тігіп орналасты.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Биылғы фестивальге деген қызығушылықтың ерекше жоғары болатыны ерте белгілі болды. Бұған басты себептің бірі – әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің Алтай төрінде алғаш рет жеке концерт өткізетіні жөніндегі хабар еді. Бұл жаңалық Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ғана емес, шетелдегі өнерсүйер қауымды да Катонқарағайға жетеледі.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Кәсеновтің айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысын нығайтып, Алтайдың халықаралық туристік әлеуетін арттыру.

– Былтырғы фестивальден кейін Алтай төрінде Димаш ән салса деген ой туған еді. Бұл ұсынысты облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қолдап, үлкен дайындық жұмыстары басталды. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Бұл – тек концерт емес, бүкіл өңірдің мәдени және туристік әлеуетін танытатын маңызды жоба, – деді Самат Кәсенов.

Шынында да, бірнеше ай бойы жүргізілген дайындықтың нәтижесі фестивальдің әр бөлшегінен аңғарылып тұрды. Ұйымдастыру жұмыстары, қауіпсіздік шаралары, инфрақұрылым, сауда орындары, қонақтарды орналастыру мәселесі – бәрі алдын ала ойластырылған.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Ұлттық спорттың дүбірі

Фестивальдің шымылдығы Катонқарағай ауылындағы ипподромда өткен Шығыс Қазақстан облысының XXIV халықтық спорт ойындарымен ашылды. Алғашқы күннен-ақ көрермендер ұлттық спорттың қызу тартысына куә болды.

Аударыспақ, көкпар, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарысы сияқты ұлттық ойындардың барлығы үлкен қызығушылық тудырды. Ат үстіндегі шеберлік пен батылдық сынға түскен көкпарда Ұлан ауданының құрамасы үздік атанса, Күршім ауданы екінші, Алтай ауданы үшінші орынға ие болды.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Аламан бәйгеде Абай облысының шабандозы Манап Абумансур жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлделі орындарға Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының шабандоздары жайғасты.

Құнан бәйгеде Самар ауданының жас шабандоздары ерекше көзге түсті. Бірінші орынды Мұхаммедәли Намазов жеңіп алса, екінші орынды тағы бір самарлық Альтаир Шайырғазин иеленді. Үздік үштікті Күршім ауданының өкілі Мұхаммедәли Кентай түйіндеді.

Ал жорға жарысында Зайсан ауданының шабандозы Айқын Әмірбеков қарсыластарынан оқ бойы озық келсе, Катонқарағайлық Зауыр Амангелдинов пен Ақылман Сабиғазы жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Ұлттық спорт жарыстарының көрермендері де аз болған жоқ. Атшабар маңына жиналған жұрт қазақтың байырғы ойындарына ерекше ықылас танытып, әрбір жарысқа қызу қолдау көрсетті.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Берелдегі рухани кеш

Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі Берел қорық-музейі аумағында өткен республикалық «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» поэзия кеші болды.

Бұл кеш қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналды.

Фото: F16/Мерей Қайнарұлы

Күн еңкейген шақта Берел жазығына тігілген киіз үйлер мен сахна маңына жүздеген адам жиналды. Тау самалы мен қарағайдың жұпар иісі араласқан ерекше атмосферада алау жағылып, поэзия кеші басталды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Кеш тізгінін белгілі ақын Қалқаман Сарин ұстап, Ақтан Нұрбаевтың қазақ әдебиетіндегі орны туралы тебірене сөз қозғады.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстанның әр өңірінен келген он алты ақын туған жер, Алтай табиғаты, ұлттық рух пен Ақтан ақынның шығармашылығына арналған жаңа туындыларын оқыды.

Астанадан келген ақын Ділдә Уәлибектің:

«Бұл жақта қулық пен сұмдыққа орын жоқ секілді,

Жамандық атаулы қысылар қарадай.

Күншілдік, күпірлік, кесірлік не түрлі,

Аластап алады арша мен қарағай…»

деген жолдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Түн ортасына дейін жалғасқан жыр кешінде әрбір ақынға 500 мың теңгеден сыйақы табысталды. Ақтан Нұрбаевтың кенже ұлы, кәсіпкер Ержан Нұрбаев шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Берелдегі осы бір рухани кеш көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Табиғат пен поэзия үндескен мұндай кештер Алтайдың тарихи келбетін жаңа қырынан танытты.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фестивальдің екінші күні де мазмұнды бағдарламасымен есте қалды. Катонқарағайдың әр тұсында ұлттық өнердің түрлі бағыттары қатар өрбіді. Бір жерде қолөнер шеберлері өз туындыларын таныстырса, енді бір жерде этноауылдарда ұлттық тағамдар әзірленіп, халықтық салт-дәстүрлер көрсетілді. Ауданның ғана емес, облыстың барлық өңірлерінен келген өнер ұжымдары мен кәсіпкерлер өздерінің үздік өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Әсіресе, Катонқарағайдың балына, қымызына, панты өнімдеріне, дәрілік шөптеріне қызығушылық ерекше болды. Сауда қатарларында ине шаншар орын қалмай, келген қонақтар жергілікті өнімдерді молынан сатып алды. Мұның өзі фестивальдің мәдени ғана емес, экономикалық маңызын да айқындай түсті.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Сөз сайысындағы салмақты ой

Фестивальдің шарықтау шегіне айналған рухани шаралардың бірі – республикалық «Ақтанымын Алтайдың» ақындар айтысы болды.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Бұл жолы Алтай төріне еліміздің әр өңірінен он екі айтыскер жиналды. Олардың қатарында республикалық додалардың жеңімпаздары мен жас таланттар бар. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізсе, қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман төрағалық етті.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

 

Фото: F16/Аяужан Утеулинова
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Айтыскерлер ел бірлігі, ұлттық құндылықтар, туған жер, Алтайдың қасиеті мен бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін жырға қосты. Көрермендер әрбір ұтымды жауапты қошеметпен қарсы алып, сөз додасы бірнеше сағат бойы жоғары деңгейде өтті.







Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Қазылар шешімімен үшінші орын Дәурен Ақсақалов пен Шұғайып Сезімханға бұйырса, екінші орынды Мақсат Ақанов пен Абай Жолмағамбет иеленді. Бірінші орын астаналық Мейірбек Сұлтанханға берілді.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Ал бас жүлде – автокөлік Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған айтыскер Серік Қуанғанға табысталды.

Жеңімпаз марапаттау рәсімінде:

– Айтыс сахнасында жүргеніме он бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде талай додаға қатыстым. Бірақ алғаш рет автокөлік ұтып отырмын. Оның үстіне туған жерім – Алтай төрінде бас жүлде алғаным ерекше қуантады, – деді.

Бұл сөздерді көрермен ұзақ қол шапалақпен қолдады.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Сөз бұйдасын ұстаған басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді.

Осыдан соң аймақ басшысы айтыстың атасы Жүрсін Ерманға Шығыс жұрты 75 жас мерейтойымен құттықтап, жаңа автокөліктің кілтін табыстады.

«Бүгін киелі де қасиетті Шығыс жерінде от ауызды, орақ тілді ақындарымыздың өнерін тамашаладық. Дүйім жұрт кешелі бері өлең-жырға қанық болып, ерекше серпіліп қалды. Осы ретте, айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға зор алғысымызды білдіреміз! Биыл 75 жасқа толған ағамызға облыс жұртшылығы атынан автокөлік сыйлауға рұқсат етіңіздер», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Фото: F16

Сондай-ақ, фестиваль аясында биыл асқаралы 60 жас мерейтойын атап өткен қазақ поэзиясының шынары Жанат Әскербекқызына «Түрксой» жазушылар одағынының атынан сый құрмет жасалды. Катонқарағайдың қос қаламгері – Бақытжан Райысова мен Тоқтарбек Мағзұмов «Түрксой» жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
Бұл құрметті марапаттарды жерлес қаламгерлерге қазақтың айтулы ақыны Ұлықбек Есдәулет тапсырды.

Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар

Биылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі – шетелдік қонақтар мен Қазақстанның әр өңірінен келген туристердің көптігі болды. Катонқарағай көшелерінде ағылшын, түрік, чех, орыс тілдерінде сөйлескен адамдарды жиі кездестіруге болатын еді. Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Мажарстан, Башқұртстан, Қарақалпақстан және Тыва Республикасынан келген өнер ұжымдарымен бірге Еуропа, Азия және Оңтүстік Америкадан келген саяхатшылар да фестивальдің құрметті қонағына айналды.

Олардың басым бөлігі Алтайға алғаш рет табан тіреген. Бірі әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің концертін көру үшін келсе, енді бірі табиғаты таңғажайып өлкені өз көзімен тамашалауды мақсат еткен.

Индонезиядан келген турист Миа Наарис бірнеше мың шақырым жол жүріп келгенін айтады.

– Бұл сапар үшін өте ұзақ жол жүріп келдім. Мен үшін Димаш Құдайбергеннің концертін көру ғана емес, Алтайды өз көзіммен тамашалау да маңызды болды. Бұл өңір мен елестеткеннен де әдемі екен. Димаштың талантына бүкіл әлем тәнті. Мұнда жиналған мыңдаған адам да соны жақсы біледі, – дейді ол.

Фото: F16

Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ардақ Қазиева Димаштың концерттері үшін бұған дейін Түркия мен Германияға дейін барғанын айтты.

– Мен бірнеше жылдан бері Димаштың шығармашылығын үзбей бақылап келемін. Оның Түркиядағы Стамбұлда және Германияның Берлин қаласында өткен концерттеріне де арнайы бардым. Бұл жолы Катонқарағайға алғаш рет келіп отырмын. Димаштың Алтайда өнер көрсететінін естіген соң, жолдың алыстығына қарамастан келуге шешім қабылдадым. Петропавлдан Астанаға пойызбен жетіп, кейін Өскеменге ұшақпен ұштым, одан әрі Катонқарағайға таксимен келдік. Мұндағы табиғат ерекше әсер қалдырды. Биік таулар мен көз тартар көріністер біздің өңірде жоқ. Катонқарағайдың сұлулығына тәнті болдым, – дейді ол.

Фото: F16

Фестивальге алыс құрлықтан арнайы келгендердің бірі – Чилиден келген саяхатшы Диего Гальегос. Қазақстанға алғаш рет келген жиһанкез үшін бұл сапар тосын жаңалықтарға толы болған.

– Қазақстанға келгеніме екі апта болды. Бұрын бұл ел туралы көп білмейтінмін. Ал Катонқарағайдың табиғаты мені ерекше таңғалдырды. Мұндағы ормандар мен таулы ландшафт Патагонияны еске түсіреді. Қазақстандықтардың қонақжайлығы, жергілікті тағамдардың табиғилығы ерекше әсер қалдырды. Мұнда келгеннен кейін алғаш рет Абайдың шығармаларымен таныса бастадым. Қазақ халқының ұлы ақынға деген құрметі маған өте ұнады. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ат спорты ерекше әсер етті. Қазақстан мен үшін бұрын беймәлім ел еді, ал енді ұмытылмас әсер сыйлаған мемлекетке айналды, – дейді ол.

Фото: F16

Чехияның Прага қаласынан келген Тамара Галова болса, өзін әзілдеп «Димаш қайда болса, мен де сондамын» дейді. Ол 2019 жылдан бері қазақстандық әншінің концерттерін үзбей тамашалап келеді.

– Алтайды көруді мектеп кезімнен армандадым. Оның табиғаты туралы көп оқыдым. Катонқарағайда Димаш өнер көрсететінін естігенде, бұл сапарға міндетті түрде келетінімді түсіндім. Берелге барып, өңірдің таңғажайып табиғатын көрдік. Ақ көбік атқан өзендер, жасыл жайлаулар, еркін жайылған жылқылар – бәрі ертегі әлеміндей әсер қалдырды. Қазақстанға тек концерт үшін емес, осы елді тану үшін де келемін. Катонқарағай – табиғаты ерекше сұлу өлке. Осындай байлықты көздің қарашығындай сақтай білген жөн, – дейді Чехиядан келген жанкүйер.

Фото: F16

Шетелдік және отандық туристердің осындай пікірлері фестивальдің мәдени шара ғана емес, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытқан маңызды жобаға айналғанын аңғартады. Бірнеше күн ішінде Алтайдың табиғатын өз көзімен көрген мыңдаған қонақ әлеуметтік желілерде өңірдің көркем келбетін бөлісіп, Катонқарағайдың сұлулығын әлемнің түкпір-түкпіріне насихаттады. Мұның өзі фестивальдің ұзақ мерзімді нәтижесінің бірі болары сөзсіз.

Елу мыңға жуық көрермен жиналды

11 шілде күні кешке қарай Катонқарағайдағы атшабар алаңы адамға лық толды.

Күн еңкейген сайын сахна маңына ағылған халықтың қарасы көбейіп, кеш түсе кең алаңда ине шаншар орын қалмады. Биіктен қарағанда сахна алдындағы жұрттың шеті көрінбейтін.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қорытынды гала-концертке 50 мыңға жуық адам жиналған.

Фото: F16

Концерт «Пырақ» театрландырылған қойылымымен ашылды. Түркі дүниесінің тарихы мен көшпелі өркениеттің рухын бейнелеген қойылым көрерменді бірден ерекше әсерге бөледі.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: F16
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтайдың түркі халықтары үшін қасиетті мекен екенін атап өтті.

– Алтай – біз үшін тек өткеннің ескерткіші емес. Бұл – бауырлас түркі халықтарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын қасиетті мекен. Ұлы Алтайдың асқақ рухы түркі дүниесінің бірлігін нығайта берсін, – деді облыс әкімі.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Гала-концерт түркі халықтарының өнерін бір сахнада тоғыстырған ерекше мәдени кешке айналды. Үш күнге созылған фестиваль барысында Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, Башқұртстан және Ресей Федерациясының Тыва Республикасынан келген өнерпаздар өнер көрсетті.

Фото: NOX тобы/ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Көрермендер түркі дүниесінің танымал әншілері мен шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалады. Олардың қатарында Олардың қатарында Әзербайжанның атынан халықаралық «Евровидение» байқауына қатысқан Efendi, Қырғызстанның танымал орындаушысы Jax, Тыва Республикасының әншісі Aйзана, Қарақалпақстанның өнерпазы Әлішер Байниязов, Өзбекстанның әншісі Севарахон Туланова, Түркияның орындаушысы Мурат Япрак, Моңғолияның дәстүрлі әншісі Сүбедей Самдын, Башқұртстанның Hazina этно-тобы, Мажарстанның NOX тобы, сондай-ақ Қазақстанның «Алатау серілері» және «Сармат» топтары өнер көрсетті.

Фото: Сүбедей Самдын/ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: JAX/F16
Фото: Мурат Япрак/F16
Фото: Севарахон Туланова/F16
Фото: Алишер Байниязов/ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Efendi/ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Әр елдің орындаушылары өз халқының ән өнері мен музыкалық дәстүрін паш етіп, концерттің мазмұнын байыта түсті. Алайда жұрттың тағатсыздана күткені – әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы еді. Бұл түркі жұртының ортақ мәдени мұрасын дәріптеген өнер кешінің шарықтау шегі болды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ол сахнаға көтерілген сәтте мыңдаған көрермендің қошеметі Алтайды жаңғыртты. Ұялы телефондардың шамдары бір мезетте жанып, тау қойнауы жұлдыздай жарқыраған жарыққа бөленді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған концерт барысында Димаш өзінің әлемге танымал шығармаларын орындап, көрерменмен бірге ән шырқады. Әрбір композиция аяқталған сайын ұзақ қол шапалақ естіліп, халық сүйікті әншісін қайта-қайта сахнаға шақырды.

Бұл кеш тек концерт емес, Алтай тарихындағы айтулы мәдени оқиғаға айналды.

 

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фестивальдің басты жемісі

Үш күнге созылған халықаралық фестиваль ұлттық спортты, әдебиетті, айтысты, поэзияны, театр өнерін және түркі халықтарының ортақ мәдениетін бір арнаға тоғыстырды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ең бастысы – бұл шара Катонқарағайдың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Қонақ үйлер мен демалыс орындары толықтай толып, жергілікті кәсіпкерлердің саудасы қызды, аудан экономикасына қосымша серпін берілді.

Көпшілік фестивальдің енді дәстүрлі түрде өткізіліп, халықаралық деңгейін одан әрі кеңейту қажеттігін айтты.

Фото: F16/Аяужан Утеулинова

Өйткені бірнеше күнге созылған дүбір бір нәрсені анық көрсетті: Алтай – өткеннің ғана емес, бүгінгі түркі әлемін тоғыстыратын, болашақтың да рухани орталығы.

Ал биылғы фестиваль сол қасиетті мекеннің жаңа тынысын ашып, Катонқарағайдың атын тағы бір мәрте әлемге таныта алды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Тегтер: AltaiFestАлтайтүркіәлемініңалтынбесігіКатонқарағайШҚО
БөлісуБөлісуЖіберуБөлісу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

ШҚО-да партиялар тұрғындармен ашық форматтағы кездесулер өткізді

ШҚО-да партиялар сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

06.08.2026, 17:08
Алтай төрінде түркі рухы түлеген күндер

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әл-ауқат индексінде көш бастады

06.08.2026, 16:30
160 мың мұғалімге ChatGPT Edu: теледебаттың басты тақырыбы – білім мен жасанды интеллект

160 мың мұғалімге ChatGPT Edu: теледебаттың басты тақырыбы – білім мен жасанды интеллект

06.08.2026, 16:23
Бұқтырма су қоймасының жағалауында рейд өткізілді

Бұқтырма су қоймасының жағалауында рейд өткізілді

06.08.2026, 15:57

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ШҚО-да партиялар сайлауалды жұмыстарын жалғастыруда

06.08.2026, 17:08

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әл-ауқат индексінде көш бастады

06.08.2026, 16:30

160 мың мұғалімге ChatGPT Edu: теледебаттың басты тақырыбы – білім мен жасанды интеллект

06.08.2026, 16:23

Бұқтырма су қоймасының жағалауында рейд өткізілді

06.08.2026, 15:57

Қытайдың жетекші көлік корпорациясы ШҚО-да жаңа жобаларды жүзеге асырмақ

06.08.2026, 15:05

Тарбағатайлық тұрғыннан марихуана тәркіленді

06.08.2026, 14:11

ШҚО әкімі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындығын бақылауға алды

06.08.2026, 12:12

Өскемендік ару Miss World 2026 байқауына аттанады

06.08.2026, 11:03

Зайсандық тұрғын ауылда оңалту орталығы мен инклюзивті этноауыл құруды ұсынды

06.08.2026, 10:24

Өскеменде коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

06.08.2026, 09:23

САЙТ ТУРАЛЫ

F16.KZ - екі тілде ақпараттық-аналитикалық жаңалық беретін сайт. Біздің команда әрдайым жаңалықтың жаршысы болып, өз оқырмандарын жедел хабардар ету үшін 24/7 режимінде жұмыс істейді.

РЕДАКЦИЯМЕН БАЙЛАНЫС

Телефон: +7 707 192 4464 (WhatsApp)
Email: f16news@mail.ru

Яндекс.Метрика

БІЗГЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗДАР

F16.KZ әлеуметтік желілерде

  • Басты бет
  • Сайт туралы
  • Құпиялылық саясаты
  • Байланыс

© 2026. F16.KZ - Өскемен және Қазақстан жаңалықтары. Барлық құқықтар қорғалған

No Result
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU

© 2026. F16.KZ - Өскемен және Қазақстан жаңалықтары. Барлық құқықтар қорғалған