Шығыс Қазақстан облысында алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов пен А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының директоры Назымгүл Тлеубекова айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Жоба еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып отыр.
Марафонның негізгі мақсаты — кітап оқу мәдениетін дамыту, кеңінен насихаттау, тұрғындардың білімге, әдебиетке қызығушылығын арттыру. Жоба 6 бағыт бойынша барлық жас ерекшеліктерін қамтиды. Жеңімпазға 2027 жылы сәуір айында Ұлттық кітап күні аясында қомақты қаржылай сыйлықтар табысталады, — деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов.
Жоба 6 бағытты қамтиды:
- «Үздік оқырман оқушы» – 6-10 сынып оқушылары;
- «Үздік оқырман студент» – колледж студенттері;
- «Үздік оқырман оқытушы» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Үздік оқырман әулет» – 3-5 адамнан тұратын отбасы;
- «Инклюзивті ортадағы үздік оқырман» – ерекше қажеттілікті талап ететін оқырман;
- «Үздік оқырман қызметкер» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын кез келген мекеме қызметкері.
Қатысушылар ұйымдастыру комитеті ұсынған 15 кітапты 2027 жылдың наурызына дейін оқуға тиіс. Сәуір айында арнайы тестілеу жүргізіліп, жеңімпаз анықталады. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар мен жергілікті жазушылардың еңбектері енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді, — деп атап өтті кітапхана директоры.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі кітапхананың ресми сайтында жарияланған: https://pushkinlibrary.kz/kz/



