Бүгін Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылында өңір үшін маңызды инвестициялық жобаның алғашқы қадамы жасалды. «Zaisan See» ЖШС еліміздегі қарқынды балық өңдеу кешені бар алғашқы интеграцияланған инновациялық балық өңдеу кәсіпорнын салу жобасына орай болашақ кәсіпорын аумағында естелік капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Рустембекұлы, жоба инвесторлары мен жауапты мамандар, Тұғыл ауылының тұрғындары, ауыл ақсақалдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жобаның басты ерекшелігі – балықты заманауи қарқынды технологиялар арқылы өсіруден бастап, алғашқы өңдеу, салқындатылған және мұздатылған өнім өндіру, сақтау, қаптау және дайын өнімді ішкі әрі экспорттық нарықтарға шығаруға дейінгі біртұтас өндірістік тізбектің қалыптасуы. Кәсіпорынның жылына 2000 тоннаға дейін дайын өнім өндіреді, — дейді Тарбағатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Польша Республикасынан шетелдік инвестор тартылған жобаның жоспарланған инвестиция көлемі 6 миллион еуроға дейін жетеді.
Айта кету керек, жоба аясында кемінде 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның бірінші кезеңін пайдалануға беру 2027 жылғы тамызға жоспарланған.
Инвестициялық жобаның жүзеге асуы Тұғыл ауылы мен жалпы Тарбағатай ауданының экономикалық әлеуетін арттыруға серпін береді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы, салық түсімдерінің ұлғаюы, заманауи әрі ресурс үнемдейтін технологиялардың енгізілуі, отандық балық өнімдерін өндіру көлемінің артуы және экспорттық әлеуеттің қалыптасуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етпек, — делінген хабарламада.
Болашақта кәсіпорын базасында балық өңдеу бағытын одан әрі дамыту, балық шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлау және жастарды осы бағытта оқыту жоспарланып отыр.




