Шығыс Қазақстан облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысушылардың қатары артып келеді.
1 қыркүйекте басталған тіркеу науқанынан бері марафонға 900-ден астам адам қосылды. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, педагогтер, ата-аналар, мемлекеттік қызметшілер және кітап оқуға қызығушылық танытқан өзге де тұрғындар бар.
Жоба 6 бағытты қамтиды:
- «Үздік оқырман оқушы» – 6-10 сынып оқушылары;
- «Үздік оқырман студент» – колледж студенттері;
- «Үздік оқырман оқытушы» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Үздік оқырман әулет» – 3-5 адамнан тұратын отбасы;
- «Инклюзивті ортадағы үздік оқырман» – ерекше қажеттілікті талап ететін оқырман;
- «Үздік оқырман қызметкер» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын кез келген мекеме қызметкері.
Марафон аясында бірлескен кітап оқу, шығармаларды талқылау, әдеби кездесулер, пікірталастар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастыру жоспарланған. Қатысушылар ұсынылған әдебиеттермен кітап көрмелері мен әдеби шолулар арқылы таныса алады. Сондай-ақ балалар мен ата-аналарды кітап оқуға бірге тартатын отбасылық оқуға ерекше көңіл бөлінеді.
Білім беру ұйымдарында марафонды өткізуге жауапты мамандар анықталды. ШҚО Білім басқармасының «Өркен» өңірлік орталығы онлайн-брифинг өткізіп, онда мамандар қатысушыларды тіркеу, ақпараттық сүйемелдеу және іс-шараларды ұйымдастыру тәртібін түсіндірді.
Марафонға қатысу ережелері, ұсынылатын кітаптар тізімі және тіркелу тәртібі туралы ақпаратты білім беру ұйымдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болады. Еске сала кетейік, қатысушыларды тіркеу 1 қыркүйекте басталды.
Марафонның басты мақсаты — кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, оқырман сауаттылығын дамыту және кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру. Марафон қорытындысы бойынша аймақта ең белсенді оқырмандар мен үздік нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдары анықталады. Олардың тәжірибесі мен үздік нәтижелері көпшілікке ұсынылады.




