Елорда төрінде Шығыс өңірінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
«Дала дәмі» деп аталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі екі күнге ұласты. Өскемен қаласы мен өңірдің 11 ауданынан барған ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші және өңдеуші кәсіпорын өкілдері елордалықтарға 50 түрлі өнім ұсынды. Сауда сөрелеріне ет және сүт өнімдері, шұжық, балық, бал, өсімдік майы, жарма, қымыз және ұлттық тағамдар қойылды. Қарқаралы көшесіндегі атшабар аумағында ұйымдастырылған тойбазарға Алтай дәмін іздеп келушілердің қарасы мол болғанын айту керек.
Жалпы Шығыс өңірінен елордаға 150,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. Өнімдердің жалпы құны – 525,6 млн теңге. Тауарлар нарықтағы құнынан 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынылды.
Жәрмеңке аясында Шығыс Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұйымдастырып, іс-шараның мәдени мазмұнын байыта түсті.




