Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайтынын және кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайтынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы жемқорлық халықтың сеніміне селкеу түсіріп, ел дамуына кедергі келтіретінін атап өтті. Бұл жөнінде F16.kz Ақорданың ресми телеграм-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргіземіз. Бұл – біздің табанды ұстанымымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды «қамқоршылары» да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформаларды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыздың үмітін ақтай аламыз», — деді Мемлекет басшысы.




