Өскеменде Гематология орталығының құрылысы аяқталған. Бұл орталық Шығыс Қазақстанмен іргелес өңірлердің тұрғындарына да жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған ауқымды кешен 30 қазанда ресми түрде ашылды. Алайда пациенттерге емхана есігі айқара ашық деуге әлі ерте. Қазір медициналық мекемені толыққанды жұмысқа қосу үшін ұйымдастыру, кадр жасақтау және лицензиялау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Жаңа орталық Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Негізгі міндеті – қан жүйесінің күрделі ауруларын ерте анықтап, емдеу және бұрын республикалық медициналық орталықтарға жүгінуді қажет ететін жоғары технологиялық медициналық көмекті өңір тұрғындарына қолжетімді ету.
Естеріңізге сала кетейік, медициналық нысанның құрылысы 2020 жылы басталған. Алайда нысанды толық аяқтау үшін қосымша қаржыландыру қажет болды. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылыс жұмыстарын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 34 млрд теңге бөлінді.
Жаңа медициналық кешеннің жалпы аумағы 38 мың шаршы метрден асады. Мұнда тек гематологиялық аурулар ғана емес, кардиология, кардиохирургия және басқа де соматикалық бағыттар бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

Негізгі ғимарат 148 төсек-орынға шақталған. Мұнда балалар мен ересектерге арналған бөлімшелер, гематология, кардиология және кардиохирургия бағыттары мен сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшесін ашу жоспарланған.
Пациенттер мен оларды алып жүретін адамдарға арналған 24 орындық пансионат та салынған.
Мекеме күрделі диагноз қоюға және жоғары технологиялық емдеу әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жабдықтарды қабылдап алу жұмыстары әлі жалғасып жатыр, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев.
Сондай-ақ басқарма басшысы көптен күткен нысанның қашан жұмыс істей бастайтынын да атап өтті.
Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, Гематология орталығы қызметті жүзеге асыруға қажетті заңды және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу аяқталғаннан кейін жұмысын бастайды. Ол шамамен 4-6 айда аяқталады жоспарлап отырмыз. Барлық қажетті жұмыс аяқталған соң мекеме пациенттерді қабылдай бастайды, — деді басқарма басшысы.
Медициналық кешеннің толыққанды жұмыс істеуіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету.

Қазір орталықтың кадрлық әлеуетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмек көрсетуге қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі қолданыстағы «Гематология орталығы» ЖШС есебінен шешіледі.
Орталықта кардиолог, гематолог, сүйек кемігін трансплантациялау саласының мамандары және сәулелік диагностика дәрігерлері жұмыс істейді.
Қазір мамандарды даярлау жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Республикалық бюджет есебінен резидентурада балалар онкологиясы және гематологиясы бағыттары бойынша екі дәрігер білім алып жатыр. Олардың 2027-2028 жылдары жұмысқа кірісуге тиіс.
Ал жергілікті бюджет есебінен төрт дәрігер кардиология мамандығы бойынша резидентурада білім алып жатыр. Олар 2027 жылы оқуын аяқтап, өңірге келеді.
Бұдан бөлек, орталықтың 35 медициналық және техникалық қызметкері жетекші республикалық және шетелдік клиникаларда арнайы даярлықтан өткен. Олардың қатарында дәрігерлер, медбикелер мен инженерлер бар. Бұл жаңа жабдықтарды дұрыс пайдалану және күрделі медициналық процедураларды меңгеру үшін қажет.

Гематология орталығының іске қосылуы Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың бірі болмақ. Өйткені мекеме тек Өскемен мен облыс тұрғындарына ғана емес, Абай және Павлодар облыстарынан келетін пациенттерге де қызмет көрсетеді.
Бұған дейін күрделі онкогематологиялық ауруларға шалдыққан азаматтар арнайы тексерулер мен ем алу үшін республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдарға баруға мәжбүр болатын. Жаңа орталық толық қуатында жұмыс істеген кезде мұндай қажеттілік азайып, пациенттерге қажетті көмекті тұрғылықты өңіріне жақын жерден алуға мүмкіндік туады.




