Зайсан ауданында қыздар арасындағы жанжалдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Видеода жасөспірім қыздар құрбысын небір бейәдеп сөздермен қорлап, тізерлетіп кешірім сұратып қойған. Сондай-ақ бейнежазбадан жасөспірімдердің шылым шегіп отырғанын байқауға болады.
Бұл оқиғаға қатысты ШҚО Білім басқармасынан сұрап білдік. Басқарма басшысы Иннеса Чернышева қазір тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
— Біз бұған қатысты жұмыстарды бастап кеттік. Тергеу жүріп жатыр. Өзге сұрақтарға Полиция департаменті жауап береді, — деді Иннеса Чернышева.
Полиция департаментінде бұл видеодаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оқушы қыздар есепке қойылыпты.
— Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.Бұзақылық жасаған жасөспірім қыздар мектепішілік есепке қойылып, әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді, — дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ жасөспірімдердің ата-аналары да жауапқа тартылуы мүмкін екен.
— Қазіргі таңда полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың ата-аналарын балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізуде. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Естеріңізе сала кетсек, былтыр осыған ұқсас жағдай болған. Өскеменде оқушы қыздар арасындағы төбелес қоғамда үлкен резонанс тудырып, екі жасөспірім сотталып кетті.
Фото: Getty Images/Westend61