Қазақстанда лицензиясы жоқ спутниктік антенналарды таратуға және қолдануға тыйым салынған. Бұл талапты орындамағандар заң алдында жауап береді, деп хабарлайды F16.kz.
Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңының 62-бабының 4-тармағына сәйкес, телерадиохабар тарату саласында лицензиясы жоқ және Қазақстан аумағында өз спутниктік хабар тарату жүйесі жоқ телерадиохабар тарату операторларының шартты қолжетімділік карталарын, сондай-ақ жеке қабылдауға арналған жабдықтарын («сұр тарелкелер») таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ осы заңның 62-бабының 5-тармағына сәйкес, «сұр тәрелкелер» қызметтері үшін төлем жасауға тыйым салынады.
Аталған талапты бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 451-бабының 16-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген, яғни айыппұл салынады. Ал құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұлмен бірге жабдық тәркіленеді (ҚР ӘҚБтК-нің 451-бабының 17-бөлігі). Аталған тыйымның орындалуын бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.