Шығыс Қазақстанда «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қоры 4 әлеуметтік жобаны іске асыруды бастады, деп хабарлайды F16.kz.
Еске салайық, көктемде «Samruk Umiti» жобасы іске қосылып, Шығыс Қазақстан облысындағы балалар үйінің 50 тәрбиеленушісіне жұмысшы мамандықтарын таңдау, колледждерге түсу, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына жұмысқа орналасу бойынша көмек көрсетіле бастады. Бүгінде 9-сыныпты аяқтаған 11 бала жұмысшы және өзге де мамандықтар бойынша жергілікті колледждерде білім алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, жуырда вице-премьер Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Республикалық жастар форумында жобаның алғашқы нәтижелері таныстырылған болатын.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында түрлі диагнозы бар, соның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиялары бар 70 балаға арналған аралас үлгідегі «Ainala» оңалту орталығы ашылады. Қазіргі уақытта Өскеменде оңалту орталығы, ерте араласу орталығы және аутизмі бар балаларға арналған үш бірдей «Қамқорлық» орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтарда жыл сайын шамамен 1 мың бала кешенді көмек алады.
Ал 10 қыркүйектен 25 қыркүйекке дейін өңірде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмыс істейді. Дәрігерлер, медиаторлар мен заңгерлер Предгорная, Тишинская, Черемшанка, Таусамалы, Күмістау, Бұқтырма, Заводинка, Тұрғысын станцияларына аялдап, жергілікті елді мекендердің тұрғындарына тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетеді.
2024 жылдың шілдесінде Катонқарағай және Зайсан аудандарында спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2 заманауи спорт алаңы ашылған болатын. Сонымен қатар, бүгінде Өскеменде «Саламатты болашақ» жобасы аясында ерекше балаларға арналған жүзу және бочча секциялары тегін жұмыс істейді.
Айта кетейік, соңғы 5 жыл ішінде ШҚО-да «Samruk-Kazyna Trust» қоры жалпы 1,2 миллиард теңгеге 18 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған.




