QS Quacquarelli Symonds жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі Азияның ең үздік университеттері рейтингісінің тізімін жариялады, деп хабарлайды F16.kz порталы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл аймақтық рейтинг Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азия өңірлеріндегі университеттердің жетістіктерін сараптайды. Биылғы рейтинг – өзінің тарихындағы ең ауқымды рейтинг болып отыр, оған 25 елден 1 529 университет енген, оның ішінде 554 жоғары оқу орны алғаш рет тізімге кірді.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстан QS Asia University Rankings рейтингісіндегі өкілеттігін айтарлықтай кеңейтті – бұл жолғы тізімге 44 қазақстандық ЖОО енді. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Өзбекстаннан – 22 университет (204-тен), Қырғызстаннан – 6 университет (61-ден), Тәжікстаннан 1 университет (27-ден) рейтингке енген.
Атап өту керек, биыл рейтингке 10 жаңа қазақстандық университет енді. Олар:
- Назарбаев университеті – 201 орын;
- Алматы Менеджмент университеті – 741-750 орындар;
- Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университеті – 1001-1100 орындар;
- Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті – 1101-1200 орындар;
- Alikhan Bokeikhan University – 1201-1300 орындар;
- Каспий университеті – 1201-1300 орындар;
- Рудный индустриялық институты – 1301-1400 орындар;
- Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1301-1400 орындар;
- Astana International University – 1401-1500 орындар;
- Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – 1401-1500 орындар.
Қазақстандық университеттер академиялық бедел, оқыту сапасы, халықаралық ынтымақтастық және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы сияқты рейтингтің негізгі көрсеткіштері бойынша аймақтағы үздік нәтижелердің бірін көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Азияның ең үздік топ-100 университетіне кірген жалғыз мемлекет: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 38 орын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 61 орын, Satbayev University – 79 орын.
Қазақстанның рейтингтегі позициясының өсуі академиялық стандарттардың артуымен қатар халықаралық стратегиялық серіктестіктерді дамытуда жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Рейтинг деректері бойынша шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларға қатысу елдің жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
– Қазіргі уақытта рейтингке енген 29 қазақстандық ЖОО әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестік орнатқан, ал 15 жоғары оқу орнында шетелдік университеттердің филиалдары жұмыс істейді, – деп жазады дерек көзі.




