ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, ІІМ Басқару академиясы базасында Үндістандағы сот ғылымдары ұлттық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша жақында оқу орнының базасында үшжақты кездесу өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков және Үндістан Ұлттық сот ғылымдары университетінің өкілі Шри Джадежа қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанда NFSU филиалын құру мәселелері талқыланды. Оның мақсаты – еліміздің құқық қорғау органдары үшін киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы және қолданбалы қылмыстық тергеу салаларында жоғары білікті мамандар даярлау.
Кездесу қорытындысы бойынша NFSU филиалының ІІМ Академиясы базасында ашылуы және қос дипломдық білім бағдарламаларының іске қосылуы жөнінде келісімге қол қойылды.
– Тараптар арасындағы келісімдер аясында кадр даярлау, сондай-ақ бірлескен ғылыми және құқықтық зерттеулерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық орталық ретінде дамуына септігін тигізеді, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.




