Назарбаев университеті тұңғыш рет әлемдегі үздік 500 жоғары оқу орнының қатарына енді және жаһандық рейтингте аймақтық көшбасшы атанды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сенсек, Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингісіне бірден бес отандық жоғары оқу орны енген екен. Ең басты жетістік – Назарбаев университетінің 401-500 диапазонына кіруі, бұл – қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтер тарихындағы ең жоғары көрсеткіші.
– Сонымен бірге Қазақстан аймақтағы көшбасшылығын нығайтқанын айту керек. 2025 жылғы нәтижелер бойынша Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында ең көп оқу орны енген мемлекетке айналды. Жоғарыда жазғанымыздай, биыл рейтингке бес қазақстандық университет енді, олардың ішінде Nazarbayev University алғаш рет әлемдік топ-500 қатарына көтерілді, – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз орнын 1 201-1 500 диапазонында сақтап қалды. Тізімге Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті де енді. Осылайша, біздің ел жоғары оқу орындарының саны бойынша ғана емес, сапасы бойынша да өз позициясын күшейтті.
Жалпы, 2026 жылы Орталық Азия мен Кавказ аймағынан рекордтық көрсеткіш – бес елдің 17 университеті рейтингке енгенін атап өткен орынды.
Times Higher Education сарапшыларының айтуынша, Орталық Азия мен Кавказ әлемдік академиялық кеңістікте «жаңа тартылыс орталығына» айналып келеді. Егер 2020 жылы рейтингте өңірдің үш университеті болса, бүгінде олардың саны алты есеге жуық артқан.
World University Rankings – бұл зерттеу университеттерінің ең ірі және теңгерімді халықаралық рейтингісі. Әдістеме 18 көрсеткішке негізделген және жоғары оқу орындары бес бағыт бойынша топтастырылған.




