Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстанда жеті бірдей «Келешек мектебі» жұмысын бастады. Оның бірі – Өскеменнің Есенберлин даңғылында орналасқан қазақ тілінде білім беретін №41 орта мектебі. Бүгін аталған білім ордасында өткен салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы келіп қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Белгілі болғандай, биыл 600 орындық мектепте 6 бірінші сынып ашылып отыр екен. Бұған қоса, 3 мектепалды даярлық сыныбы жасақталған. Мұны салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та ерекше атап өтті.
– Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі әрі бірегейі деп «Келешек мектептері» ұлттық жобасын айтуға болады. Биыл Шығыс Қазақстанда бұл жоба аясында 3 мың орынға арналған 7 мектеп есігін айқара ашты. Соның бірі – дәл осы мектеп. Мұндай білім ордасында оқудың өзі үлкен ғанибет. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. Жабдықталуы өте жоғары деңгейде, сан алуан кабинет бар. Ұстаздар ұжымы да білікті. Мұндай жерден түлеп ұшқан оқушылардан тек білімді әрі білікті мамандар, өз елінің нағыз патриот азаматтары шығатынына кәміл сенемін, Барлығыңызды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтаймын! – деді облыс әкімі.
Жаңадан ашылған мектепте, шынымен де білім алуға барлық жағдай жасалған екен. Ең басты атап өтерлік жайт, мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары бар. Оқушылар үшін оқу құралдарын сақтауға, киім ауыстырып киюге арналған жеке шкафтар орнатылған. Сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылығы мен демалуына жағдай жасалған. Мектеп информатика, робот техникасы, арнайы графика және модельдеу кабинеттерімен, STEM-зертханасымен, мультимедиямен жабдықталған.
Жоғарыда жазғанымыздай, заманауи мектепте бастауыш сыныптар мен орта және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек-бөлек спорт залдары қарастырылған. Әр сынып арнайы интерактивті тақтамен және мұғалімге арналған компьютермен қамтамасыз етілген. Оқушыларды шығармашылық және спорттық тұрғыдан дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Мектепте ресурстық орталық пен кітапхана жұмыс істеп тұр, футбол алаңы, акт залы мен 178 орындық асханасы да бар.
Оқушылардың ыңғайлылығы үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылған. Мектептің әр қабатында оқушыларға арналған тынығу алаңдары жасалған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылған.
– Негізі, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға, сондай-ақ мұғалімдердің тиімді еңбек етуіне жағдай туғызуға бағытталған керемет бастама. Бүгінде мектебімізге 831 бала қабылданған. Оларға 28 педагог білім береді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда бізде кадр тапшылығы бар екенін жасырмаймыз. Бірақ, аталмыш мәселе жақын арада шешімін табатынына сендіргім келеді, – дейді мектеп директоры Динара Мұсабаева.
Ол заманауи сыныптар мен инновациялық технологиялар оқушылардың шығармашылық және зияткерлік өсуіне тамаша жағдай жасайтынын айтты. Бұл оқу орнында балалар мектеп пәндерін оқып қана қоймай, сонымен қатар көп қырлы бағдарлама мен жоғары білікті мұғалімдердің арқасында түрлі бағыттағы таланттарын дамыта алады.
Облыстық білім басқармасынан хабарлағандай, бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 347 мектепте 99 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның 9 729-і – бірінші сынып оқушылары екен.




