ШҚО-да полицейлер балаларға цифрлық қауіпсіздікті үйретуде, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері кәмелетке толмағандар арасында киберқылмыстың алдын алу шараларын жалғастырып жатыр. Оқушылармен өткізілетін кездесулер цифрлық сауаттылықты арттыруға және интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру науқаны аясында ұйымдастырылып келеді.
Балаларға онлайн-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, киберқылмыскерлердің құрбанына айналмаудың нақты жолдары көрсетіледі. Әсіресе әлеуметтік желілердегі қауіпсіздікке баса назар аударылады. Мамандар балаларға құпиялылықты дұрыс баптау, жеке деректерді жарияламау, бейтаныс адамдармен хат алмасудан сақтану және интернеттегі қарым-қатынаста абай болу қажеттігі туралы айтады.
Жақында өткен осындай кездесудің бір бөлігі интернет-буллинг тақырыбына арналды. Себебі желідегі қорқыту мен кемсіту шынайы өмірдегідей қауіпті. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған балалар мәселені жасырып қалмай, ата-анасына немесе мұғаліміне жеткізуге тиіс. Ал жағдай күрделенсе, дереу полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласуы қажет.
– Құқық қорғаушылардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік – әрбір адамның жеке жауапкершілігі. Уақтылы берілген білім балаларға виртуалды кеңістікте өздерін сенімді сезінуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды дерек көзі.




