Ағымдағы жылдың жеті айында Қазақстанда 20 мың есірткі сайты бұғатталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Еске салайық, еліміздің Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Белгілі болғандай, биылғы жеті айда есірткіге қатысты 4 655 құқықбұзушылық анықталса, олардың 2 100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Есірткі жасырушылардан бастап есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар ашылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде үш трансұлттық қылмыстық топ жойылды. 12 басшы мен 48 белсенді қатысушы ұсталды.
Халықаралық серіктестік аясында Ресей Федерациясымен бірлесіп, өткен жылдан бері іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Ол ел аумағында синтетикалық есірткі өндіру бойынша бірнеше есірткі зертханасының жұмысын ұйымдастырған.
– Ағымдағы жылы 11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеді. Сонымен бірге синтетикалық есірткінің тәркіленген көлемі үш есеге артып, бір тоннадан асты. Есірткі өсірудің 322 фактісі және 76 контрабанда дерегі анықталды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында жастар арасында танымал есірткі сайттарының бұғатталуы үш есеге артты. Олардың саны – 20 мың, – деп хабарлады ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Сондай-ақ шоттарында 2,5 миллиард теңге жинақталған күдікті операциялармен байланысты 38 мың банк картасы бұғатталғаны белгілі болды. 102 есірткі зертханасы жойылды: олардың 11-і синтетика өндіру бойынша жұмыс істесе, 91-і фитозертхана болған.
– Есірткі бизнесіне 110 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келтірілді. Аталған бағытта жұмыс жалғасуда, – деді Д.Мейірхан.




