Өткен аптада республика өңірлеріндегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметтерінің мамандары тыйым салынған заттар айналымына қатысты бірқатар құқықбұзушылықты анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жалпы, бір апта ішінде 83 есірткі қылмысы анықталды, оның ішіндегі 63-і өткізу, 8-і аса ірі көлемде сақтау, 1-і ұйымдасқан қылмыстық топ, 7-і құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру фактісі болды.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы көлемі 750 келіден асты. Арасында 6 келіден астам синтетикалық заттар да бар, бұл «қара нарықтағы» 18 мыңнан астам дозаға тең.
– Барлық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі қылмыстарымен күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде және елдің барлық өңірлерін қамти отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.




