Шемонаиха ауданының тұрғыны үйінде тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жеке үй аумағынан жабдықталған есірткі плантациясы табылды, деп хабарлайды F16.kz.
Тергеу барысында жергілікті тұрғынның ғаламтор арқылы қарасора тұқымын сатып алғаны, одан кейін оны фитошамдардың көмегімен үй жағдайында өсіргені анықталған.
- Кейін өсімдіктерді бақшаға ауыстырған. Ер адам өсірілген қарасораның бір бөлігін кептіріп, жеке мақсатында пайдаланған. Тінту кезінде полиция қызметкерлері 31 түп қарасораны, кептірілген өсімдік тектес затты, есірткі қолдануға арналған құрылғы мен өсімдіктерді өсіруге пайдаланылған фитошамды тәркіледі, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Сараптама қорытындысына сүйенсек, тәркіленген өсімдіктер қарасора тұқымдасына жатады. Тамыры мен топырағынсыз есептегендегі жалпы салмағы 5 келіден асқан.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі құрамы бар өсімдіктерді заңсыз егу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын және құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында екенін еске салады.




