Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету және мемлекеттің есірткіге қарсы саясатын іске асыру шеңберінде заңсыз айналым арналарының жолын кесуге бағытталған күнделікті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.
Оның айтуынша, жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті есірткіге қатысты 298 құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде:
- 2 халықаралық есірткі таратушы топ құрылған;
- есірткі сатудың 48 дерегі анықталған;
- аса ірі көлемде есірткі сақтаудың 17 фактісі белгілі болған;
- 8 жағдайда есірткі ел аумағына заңсыз өткізілген (контрабанда);
- есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру бойынша 7 дерек тіркелген.
Жалпы, жыл басынан бері 715 келіден астам есірткі тәркіленген. Оның 114 келісі – синтетикалық есірткі.
– Көлік саласындағы есірткі қылмысына қарсы жүйелі жұмысты жалғастырамыз. Алдағы уақытта да жеткізу арналары мен логистикалық маршруттарды анықтап, ұйымдастырушылар мен таратушыларды жауапкершілікке тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен ел болашағы үшін ортақ міндетіміз, – деді Мадияр Айтуғанов.
Көлік полицейлері аса ірі көлемде есірткі сақтаған немесе тасымалдаған адамға 3 жылдан 20 жылға дейін, кей жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады.




