«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің қонағы Тамара Галова Катонқарағайға Димаш Құдайбергеннің концертін тамашалау үшін ғана емес, көптен бергі арманы – аңызға айналған Алтайды өз көзімен көру үшін де келген. Прага қаласының тұрғыны Алтайға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүрген кезден басталғанын айтады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі
– Мен мектепте оқып жүргеннен-ақ Алтайды көргім келетін. Оның ерекше сұлу өлке екенін көп еститінмін. Сол табиғатты өз көзіммен көруді армандадым, – дейді Тамара. Туристің айтуынша, Димаш Құдайбергеннің Катонқарағай ауданында өтетін фестивальде өнер көрсететінін естіген бойда бұл сапарға шығуға бірден шешім қабылдаған. – Димаштың Алтайда ән айтатынын естігенде, мені ешкім тоқтата алмады, – дейді ол .
Катонқарағайда болған күндері Тамара Берел қорғандарын аралап, ауданның көрікті жерлерін тамашалаған. Әсіресе, қазақ Алтайының тұмса табиғаты, тау өзендері мен тар көпірлері саяхатшыға ерекше әсер қалдырған.
– Біз тар көпірлермен жүріп өттік. Көлік сәл теңселіп келеді, ал қасымызда аппақ көбік атқан тау өзені ағып жатыр. Өзімді ертегі әлеміне енгендей сезіндім. Мұндай сұлулықтан көз алмай, көптеген фото мен бейнежазба түсіріп алдым, – дейді Тамара Галова.
Саяхатшыны жасыл жайлаулар мен еркін жайылып жүрген жылқы мен сиырлар да тәнті еткен.
– Сиырлар емін-еркін жайылып жүр, жылқылар таудың етегінде жайылып жатыр. Бұл өте әдемі көрініс. Сіздер ғажайып өлкеде өмір сүріп жатырсыздар. Осы табиғатты көздің қарашығындай сақтаңыздар, – деп Катонқарағай тұрғындарына тілегін жеткізді.
Айта кетейік, Тамара Галова 2019 жылдан бері Димаш Құдайбергеннің шығармашылығының жанкүйері. Осы уақыт ішінде ол әншінің әлемнің түрлі елдерінде өткен ондаған концертіне қатысқан.




