Өскемен халқы өткен ғасырға саяхат жасап қайтты. Шығыстың бас шаһарында «құлақтан кіріп, бойды алған» есті де ескі әндер шырқалып, көнекөздердің жастық дәуренін көз алдына оралтқан көліктер қатар түзеді. Жылдағы дәстүрге сай ұйымдастырылған ретро кеш биыл Конституцияның 30 жылдығы мен Қала күні мерекесіне орай өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Металлургтер мәдениет сарайының алдына қаз-қатар тізілген көне көліктер анадайдан көз тартады. Бұрнағы жылдары қол жетпес дүние болған “Волга” мен әйгілі “жигулидің” түр-түрі, “Урал”, “ИЖ” қатарлы мотоциклдер тізіліп тұр. Жасы егде тартқан тұрғындар бұл техникалардың қасына жақындап барып, ішіне отырып, қайта оралмас қайран жастығын еске алып жатты. Кеңес одағы заманында жасалған ретро көліктердің ерекше дизайны мен жоғары сапасы кейінгі буын жастарды да қызықтырды. Олардың барлығы дерлік асқан ұқыптылықпен мұқият қалпына келтірілгені байқалады және ең қызығы бұл “жәдігерлердің” бәрі жүріп тұр. Техникалық жағынан бір мін жоқ. Қала жұртшылығы мен қонақтары аңызға айналған темір тұлпарларды тамашалап қана қоймай, ретро-мотоциклдер жинағын және сирек кездесетін кеңестік ойыншық машиналарды да көрді. Бұл ойыншықтар үлкендерге балалық шағын еске түсірді.
Қалалық жастар ресурстық орталығын директры Бақытжан Ерболқызы өскемендіктерге өзгеше көңіл-күй сылаған дәстүрлі мерекелік шараның деңгейі жылдан-жылға көтеріліп, ауқымы кеңи түскенін айтты.
Биыл міне үшінші жыл қатарынан Өскеменде ретро-кеш өткізіліп жатыр. Бұл жолғы мереке Ата заңымыздың 30 жылдығы мен Қала күніне орай ұйымдастырылды. Сөйтіп қала тұрғындарын қуантқымыз келді. Ретро кешке қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Қызығушылар өте көп. Бұл шара баршаға ұнайды, – деді Бақытжан Ерболқызы.
Бұл күні жиылған жұрт өткен ғасырдың 80-ші және 90-шы жылдарында хитке айналған әндерді қосыла шырқап, ортаға шығып би биледі. Әншілер ашық аспан астында құрылған сахнада өнер көрсетті.
Бүгін мен осы кешке сандығымның түбінде жатқан ескі көйлегімді киіп келдім. Кезінде бұл көйлектер сән еді ғой. Екінің-бірінің қолы жетпейтін. Қымбат тұратын. Маған мұны бір танысым сонау Мәскеуден поштамен салып жіберген еді баяғыда. Тастауға қимай естелік болсын деп сандығыма салып қойдым. Енді міне сол көйлегімді киіп алдым. Әрине, қазіргі жасыма стилі келіңкіремейді, қартайдық қой. Дегенмен бір сәтке өткен заманды еске алып, жастықтың жалынды дәуреніне ойша оралғанға не жетсін. Осындай мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға рахмет, – деді қала тұрғыны Евдокия Мельникова.
Ретро кешке келген тұрғындардың дені талапқа сай киінуге тырысқан. Яғни, өткен заманның сән үлгілерін сақтай отырып киініпті. Олардың арасында шағын байқау өткізілді. Нәтижесінде 1990 жылдардың “фитнес үлгісінде” киінген қатысушы жеңімпаз атанып, сыйлыққа IPhone алды. Екінші және үшінші орындарды иеленген жүлдегерлерге «Яндекс колонкалар» сыйға тартылды.
Кеш қонақтарына арнап Металлургтер мәдениет сарайының алдында әртүрлі фотоаймақтар жасалған. Олар да кешегі кеңестік дәуірдің стилінде безендіріліп, өткен замандағы заттармен жабдықталған. Ескі телефон, радиқабылдағыш, шам, үстел, орындық сияқты басқа да дүниелер қойылған.




