Алматы қаласының 27 жастағы тұрғынын Өскемен қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тобы облыс прокуратурасымен бірлесіп қолға түсірді, деп хабарлайды F16.kz.
Жеке тінту кезінде одан қара және сары түсті таспамен оралған 33 түйіншек табылды. Ішінде ақ ұнтақ зат болған.
Сараптама нәтижесінде ақ ұнтақ заттың жалпы салмағы 42,7 грамм мефедрон екені анықталды. Оның қара нарықтағы бағасы бір миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта «Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция есірткі айналымына қатысты заңсыз әрекеттердің ауыр зардаптарын еске салады және азаматтарды өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ заңды қатаң сақтауға шақырады.




