Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 Бүкіләлемдік олимпиадасында роботты техникадан Қазақстан ұлттық құрамасының оқушылары биыл қатарынан төртінші жыл жеңіске жетті, деп хабарлайды F16.kz порталы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Әлемнің 190 елінен келген командалардың ішінен қазақстандық оқушылар бірінші орынды иеленіп қана қоймай, бірден екі жоғары марапатты жеңіп алды. Ол: роботтардың біліктілік ойындарында рекорд орнатқан абсолютті чемпиондарға берілетін турнирдің бас жүлдесі GRAND CHALLENGE AWARD (алтын) және үздік инженерлік әзірлемелері, техникалық шеберліктері мен командалық жұмыс және көшбасшылық жетістіктері үшін берілетін жоғары төрешілік марапат – ALBERT EINSTEIN AWARD (алтын). Бұл марапатта кешенді артықшылық пен инновация ескеріледі.
Әлемдік білім додасында ел намысын NIS Алматы-Медеу мектебінің 9-10 сынып оқушылары Досымжан Рашат, Ілияс Дәулет, Әлихан Орынбасаров, Мадиар Әсетұлы және Нұрасыл Тұрсымбаев қорғажы. Жаттықтырушылар: Нұрдәулет Досмағамбет, Асылбек Мұрзахметов және Дулат Байтуленов.
Бүкіләлемдік чемпионатта қатарынан төрт рет жеңіске жету (Женева-2022, Сингапур-2023, Грекия-2024, Панама-2025) Қазақстанды халықаралық STEM-білім беру аренасындағы абсолютті әлемдік көшбасшыға айналдырады.
Біздің балалар төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Бұл ретте, команданың құрамы бірде-бір рет қайталанбағанын атап өткен жөн, жыл сайын ел намысын қорғау үшін жаңа қатысушыларды даярлаймыз, – деді USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.
Биылғы жарыстың тақырыбы «Eco-Equilibrium», ол жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге және биоәртүрлілікті сақтауға арналған.
Қазақстандық команда робот жасау арқылы экожүйелерді қалпына келтіруге тың көзқарас танытты. Олардың роботы ойын алаңындағы кедергілерді алып тастап, биоәртүрлілік бірліктерін экожүйелерге дәл орналастыратын күрделі финалдық тапсырманы сәтті орындап шықты.




