2025 жылғы 1 қарашадан бастап елімізде сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеу бойынша жаңа әдістеме күшіне енеді. Кейбір БАҚ өкілдері жаңа есептеу тәртібі енгізілгеннен кейін қазақстандықтар көршілерінің есебінен су үшін артығырақ төлейді деп хабарлаған еді. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп жазады F16.kz порталы.
Белгілі болғандай, қабылданған әдістеме жаңа төлем түрлерін енгізбейді және су үшін төлем мөлшерін арттырмайды.
Министрліктің түсіндіруінше, құжаттың мақсаты – суды жеткізу және бұру көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін белгілеу. Бұрынғыдай төлем су есептегіш құралдарының көрсеткіштері бойынша жүргізіледі, яғни тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орнатылған құрылғы деректері негізге алынады. Ал есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен тұтыну нормалары бойынша есептеледі.
– Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы үйлік су есептегіш орнатылып, кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер болмаса, онда жалпы үйлік және жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған, енді түсінбеушіліктердің алдын алу үшін ол жаңартылған әдістемеде нақты бекітіліп отыр, – деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Осы әдістемені қабылдау сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне ақы төлеудің ұлғаюына әкелмейді.
– Әдістеме төлем қағидаттарын өзгертпейді. Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар тұтынушы тек өз тұтынған суы үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар бекітілген норма бойынша төлем жасайды. Жалпы үйлік және жеке есептегіштер арасындағы айырмашылық бұл ортақ үй қажеттіліктері, ал ол ешқандай қателік те, айыппұл да емес. Жасырын қосымша төлем болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан бар болатын, – деп түсіндірді Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.
Демек, жаңа әдістеме тұрғындар үшін ештеңені өзгертпейді: тек қолданыстағы тәжірибені біріздендіріп, оны барша өңірлерге түсінікті әрі бірыңғай етеді. Осы ретте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су ақысы өспейді деп кепілдік беріп отыр.




