ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің спорт манежінде «Жас құтқарушы» орталығының басшысы Е.Шатурныйды еске алуға арналған жарыс өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
ТЖД-дан хабарлағандай, қатысушылардың алдында қарапайым кезеңдерден өту мақсаты тұрды. Командалар алғашқы медициналық көмек көрсету, жәбірленушіні тасымалдау, өрттен құтқару эстафетасы, кедергілерді еңсеру және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша өзара мықтыны анықтады.
– Біздің департаментте оқушылардың қатысуымен өтетін осындай іс-шаралар дәстүрге айналған. Жас құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларының айтарлықтай жоғары деңгейде екенін дәлелдей білді, – деп атап өтті ШҚО ТЖД ТЖ жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймарданов.
13 команда арасында өрбіген қызу бәсекеде Өскемен қаласындағы №29 мектептің жас құтқарушылары жеңіске жетіп, Гран-приге ие болды. Ал бірінші орынға бірдей ұпай жинаған екі команда – №37 және №39 мектептердің оқушылары ие болғанын айту керек. Жарыс қорытындысы бойынша екінші орынға №22 мектептің, ал үшінші орынға №16 мектептің командалары лайық деп танылды.
Жас құтқарушылардың мұндай жарыстары өскелең ұрпақта құтқарушылар мамандығына деген қызығушылықты оятады. Аталмыш сайыс оқушыларға алған білімдерін іс жүзінде қолдануға, ең бастысы балалардың қатысуымен болатын оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.




