Биыл ШҚО-да жылыту маусымы әдеттегіден сәл ертерек, атап айтсақ, қыркүйек айының соңынан басталып кетті. Ал қазанның 1-нен бастап облыс орталығы – Өскеменнің көпқабатты тұрғын үйлерін жылуға қосу жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы бүгін Риддер қаласында өткен Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Брифингке қатысқан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов кеншілер шаһарына жиналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өңірдегі жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндап, сұрақтарға жауап берді.
АПТА СОҢЫНА ДЕЙІН БАРЛЫҚ АУДАНҒА ЖЫЛУ БЕРІЛЕДІ
Белгілі болғандай, бірінші болып жылу Өскемен және Риддер қалаларына, Алтай, Глубокое, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үлкен Нарын мен Шемонаиха аудандарына берілді. Ал Катонқарағай мен Самар аудандары жылуға 3 қазаннан, Марқакөл 4 қазаннан қосылмақ.
– Аймақтың барлық әлеуметтік нысаны жылумен қамтылған, ал жоспарлы қосу жұмыстары техникалық регламенттерге сәйкес жалғасып жатыр. Маусымға дайындық облыстың 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандықтарында толық жүргізілген. Сонымен қатар, өңірде 52,8 шақырым жылу желісі, 537 шақырым электр желілері, 39 трансформаторлық станция және 55 трансформаторлық пункт жөнге келтірілді. Апаттық жағдайларды азайту мақсатында 243 шақырым электр желілері бойындағы ағаштар кесілген, – деп мәлім етті Нұрлан Рамазанов.
Соңғы бірнеше жылдағыдай биыл да Риддер қаласына ерекше назар аударылып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай төтенше жағдай қайталанбас үшін кеншілер шаһарындағы жылу электр орталығында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті қуат резерві әзірленді, жалпы ұзындығы 6 шақырымға жететін 23 жылу желісі учаскесі қалпына келтірілді.
Сала мамандарының хабарлауынша, технологиялық ақаулар туындаған жағдайда іс-қимыл алгоритмдері әзірленіп, жұмысқа қажетті техника мен материалдары бар авариялық бригадалар жұмылдырылады.
Басқарма басшысы мәлім еткендей, бюджеттік ұйымдар отынмен толық қамтамасыз етілген, ал тұрғындарға 352,1 мың тонна көмір дайындалған, бұл жоспарланған көлемнің 78 %-ына тең. Барлық жылу көзінде кемінде 20 күнге (424,4 мың тонна) жететін отын қоры бар.
– Облыста көмір жеткізілімдері мен бағасына күнделікті мониторинг жүргізіледі. ҚР Энергетика министрлігі, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ және «Қаражыра» АҚ компанияларының қатысуымен отынның уақытылы жеткізілуі қамтамасыз етіледі, – дейді бейінді басқарма басшылығы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыстың үш жылу электр орталығы да жылу беру маусымына дайын және штаттық режимде жұмыс тұр.
РИДДЕР ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА
Соңғы жылдары Риддер ЖЭО-да ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қуат резерві жасақталды. Жоғарыда жазғанымыздай, биыл қалада 6 шақырым жылу желісі жөнделді.
Қазіргі уақытта №1 және №2 қазан агрегаттары жұмыс істеп тұр. №3 агрегат гидросынақ кезеңінде, оны 10 қазанға дейін іске қосу жоспарланған. №6 агрегатта жөндеу жұмыстары жалғасуда, ал №4 және №5 резервке қойылған.
ЖЭО басшылығының айтуынша, жөндеу жұмыстары тұтынушыларға еш әсер етпейді. Дәл қазір қаланы жылумен толық қамтамасыз ету үшін екі қазандық та жетеді. Жөндеу аяқталған соң агрегаттар кезең-кезеңімен ауыстырылып отырады.
– Стансада 29 мың тоннадан астам көмір мен 250 тоннадан астам мазут қоры бар, алдағы уақытта тағы үш цистерна отын жеткізілмек. Жалпы, қаламызда жылыту маусымы 24 қыркүйекте басталып кеткен. Алдымен әлеуметтік нысандарды жылуға қостық. Артынша тұрғын үйлерге де жылу берілді, – дейді «Шығыс Жылу» АҚ Риддер қалалық филиалының бас инженері Дмитрий Дягель.
ӨСКЕМЕНГЕ ТАҒЫ БІР ЖЭО ҚАЖЕТ
Өскемендегі №2 қазандық та жылыту маусымына толықтай дайын. Ертістің сол жағалауын жылумен қамтып тұрған аталмыш қазандықта күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл мұнда қолға алынған ең ірі жоба құны 68 миллион теңгеге болатын №5 қазан агрегатын жөндеу жұмыстары да мәресіне жетті.
– 1 қазанда қаламызда ресми түрде жылыту маусымы басталғанын білесіздер. Біздегі барлық жылу көзі іске қосылды. Қазандықтың қуаты – 130 Гкал/сағ, бұл қазіргі тұтынушыларға жеткілікті, бірақ қала кеңеюіне кедергі келтіреді. Сол себепті алдағы уақытта қосымша екі агрегат орнату және жаңа ЖЭО салу жоспарлануда, – дейді «Шығыс Жылу» АҚ жылу өндіру департаментінің директоры Игорь Заруднев.
Ал қаланың 80 пайызға жуығын жылумен қамтып тұрған Өскемен ЖЭО қысқы режимге көшуде. Қазір стансада 5 қазан және 3 турбоагрегат жұмыс істеп тұр.
Жергілікті мамандардың айтуынша, қала жүйесін қысқы режимге көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Жылу тасымалдағыш айналымы – сағатына 10 000 тоннаға жетеді, бұл көрсеткіш екі күнде 6 000 тоннаға артты.
– Биыл станцияда ОРУ-1 жаңғыртылып, жоғары қысымды бу құбырлары ауыстырылды. Көмір қорына келсек, қазір 240 000 тонна отынымыз бар. Бұл 48 күнге жететін (норма – 20 күн) мөлшер, – деп мәлім етті «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нің техникалық пайдалану жөніндегі директорының орынбасары Жандос Тұраров.




