Шығыс Қазақстан облысында жазғы шомылу маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Облыс аумағында жаппай демалуға арналған 23 учаске анықталған. Оның ішінде Өскемен қаласында – 3, соның бірі қайықпен және катамаранмен жүзуге арналған. Риддер қаласында – 1, Алтай ауданында – 1, Зайсан ауданында – 1, Үлкен Нарын ауданында – 1, Күршім ауданында – 2, Самар ауданында – 2, Ұлан ауданында – 8, Марқакөл ауданында – 1, Тарбағатай ауданында – 1, Глубокое ауданында – 1 және Шемонаиха ауданында – 1 демалыс орны бар. Жалпы облыста 14 коммуналдық жағажай жұмыс істейді.
ШҚО ТЖД-ға су айдындарының түбін тексеру бойынша сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 18 өтінім келіп түскен. Сонымен қатар, демалыс орындарының дайындығын тексеруге қатысты 10 өтінім қаралған. Тексеру қорытындысы көрсеткендей, аталған 10 демалыс орнының ешқайсысы судағы қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмейді. Қалған 13 нысанға өтінімдердің түсуіне қарай тексеру жүргізілмек.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазовтың айтуынша, өңірдегі су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖД-ның бес құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Рейдтік іс-шараларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер және әскери қызметшілер тартылған. Самар ауданының Новостройка ауылында құтқарушылардың мобильді бекеті орналастырылған.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 170 тыйым салу белгісі орнатылып, 38 құтқарушы-жасақшы арнайы оқытудан өткен.
Жыл басынан бері шомылу маусымында судағы 6 жазатайым оқиға тіркелген. Оның ішінде 2 адам суға батып кеткен. Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 7 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға шақырады. Сондай-ақ тыйым салу белгілерін елемеуге болмайтынын ескертеді. Өйткені мұндай аумақтарда күшті ағыс, терең шұңқырлар және адам өміріне қауіп төндіретін басқа да факторлар болуы мүмкін.
Мамандар судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтауға кеңес береді:
– жүзе алмасаңыз, суға кірмеңіз;
– қалқымалар мен қоршау белгілерінен асып жүзбеңіз;
– катерлер мен қайықтарға жақындамаңыз;
– қайықтардан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеңіз;
– түнгі уақытта және мас күйінде шомылмаңыз;
– балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.
Айта кетейік, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы («Жалпы су пайдалану қағидаларын бұзу») және 412-бабы («Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау») бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.




