Бүгін, 17 наурызда Орталық референдум комиссиясы Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы бойынша дауыс берудің қорытынды нәтижесін жариялады, деп хабарлайды F16.kz.
Комиссия мәліметінше, дауыс беруге азаматтардың 73,12 пайызы (9,1 миллионнан астам адам) қатысқан. Олардың 87,15 пайызы (шамамен 8 миллион адам) жаңа Конституцияны қолдаған. Ал 898 мыңға жуық адам (9,83 пайыз) жобаға қарсы дауыс берген.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның өткенін ресми түрде мәлімдеді.
Республикалық референдум туралы коституциялық заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, атап айтқанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша шешім егер оны жақтап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептелінеді, — деді ол.
Осы орайда комиссия төрағасы әр өңірде осы шешімді жақтап азаматтардың басым көпшілігі дауыс бергенін айтты.
Осылайша, Республикалық референдум туралы заңнамадағы елдің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап дауыс беруі туралы талап сақталды. Сондықта жаңа Конституция қабылданды деп танылады, — деді Нұрлан Әбдіров.
17 наурызда жарияланған бұл көрсеткіштер бір күн бұрын шыққан алдын ала нәтижелерден өзгермеген.
Сондай-ақ комиссия төрағасы дауыс берушілер саны рекордтық деңгейге жеткен 15 наурыз күні жыл сайынғы мемлекеттік мереке — Конституция күні болып белгіленетінін атап өтті.




