Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін талапкерлерден өтініш қабылдау 22 желтоқсанда басталып, 30 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Тіркеу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz ресми сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы көмегімен жүзеге асырылады. Ал тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы бөлімге күндізгі оқу формасы бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ барысында шекті балл жинай алмаған талапкерлер қатыса алады. Сондай-ақ шығармашылық бағыттан өзге білім беру бағдарламаларына немесе педагогикалық мамандықтарға ақылы негізде ауысуды жоспарлаған талапкерлерге де мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек былтырғы мектеп және колледж түлектері, шетелде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан азаматы болып есептелмейтін этникалық қазақтар, биыл мектеп бітіретін түлектер де ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ тапсырады.
Өтініш беру барысында талапкерлер тестілеу өтетін пунктті, тапсыру күнін және уақытын өз қалауы бойынша таңдай алады.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы ҰБТ құрылымы бұрынғы форматта сақталады. Тестілеу үш міндетті және екі бейіндік пәннен тұрады. Жалпы саны 120 тапсырма ұсынылады. Оның ішінде:
-
«Қазақстан тарихы» пәнінен – 20 тапсырма;
-
«Оқу сауаттылығы» бойынша – 10 тапсырма;
-
«Математикалық сауаттылық» бойынша – 10 тапсырма;
-
екі бейіндік пәннен – әрқайсысы 40 тапсырмадан.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша ең жоғары жинауға болатын балл – 140.




