15 наурызда Референдум – 2026 аясында ауқымды медиажоба – онлайн марафон өтеді. Тікелей эфир сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:15-ке дейін жалғасады.
15 сағатқа созылатын марафон ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаның барысын жан-жақты қамтып, референдум күнінің негізгі сәттерін, қоғам пікірі мен сарапшылар көзқарасын көрерменге жедел әрі заманауи форматта ұсынады.
Наурызнама онкүндігі аясында өтетін бұл марафон тек ақпараттық шара емес. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын, жаңа идеялар мен технологиялық бастамаларды таныстыратын бірегей алаң болмақ. Іс-шараға саяси қайраткерлер, қоғамға танымал азаматтар, өз саласында табысқа жеткен мамандар, өнер мен мәдениет өкілдері және стартаперлер қатысып, ел дамуының маңызды бағыттары жөнінде пікір алмасады.
Жоба барысында көрермендер заманауи технологиялық шешімдер арқылы ұсынылатын ерекше көріністерді де тамашалай алады. Бағдарламада отандық өнертапқыштар жасаған роботтар жүргізушілермен бірге эфирге қатысып, голограмма-шоу арқылы еліміздің соңғы жылдардағы жетістіктер шежіресі ұсынылады.
Онлайн марафон аясында бес алаң жұмыс істейді. Сахнада қоғам қайраткерлері, өнертапқыштар және қайырымды ісімен танылған азаматтар өз ой-пікірлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынылады. Сонымен қатар сарапшылар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен өзекті тақырыптарға арналған пікірталастар өткізіліп, инновациялық жобалар мен отандық стартаптар таныстырылады. Марафон барысында қонақтармен блиц-сұхбаттар жүргізіліп, ел аймақтары мен шетелден тікелей қосылымдар ұйымдастырылады.
Референдум – 2026 онлайн марафоны республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар марафонға қатысты мәліметтер мен жедел ақпараттар «Референдум – 2026» Telegram арнасында тұрақты түрде жарияланып отырады.




