Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданына жұмыс сапары барысында Самар ауылында жаңадан ашылған Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің жұмысымен танысты, деп хабарлайды F16.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 қыркүйекте пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимараты 150 оқушыға арналған. Ауылда 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп отыр.
Облыстық бюджет есебінен салынған заманауи екі қабатты нысанның жалпы аумағы шамамен 3,8 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған.
Мектепте заманауи оқу кабинеттері, спорт залы, кітапхана және асхана жұмыс істейді. Сонымен қатар логопед кабинеті, балаларға арналған шағын орталық және шағын футбол алаңы қарастырылған.Жаңа оқу жылында Самар ауданында 172 бала бірінші сыныпқа барды. Оның 14-і Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте білім алады.
Аймақ басшысы оқу кабинеттерінің жабдықталуын, балаларға жасалған жағдайды көріп, білім ордасының жұмысымен танысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыл мектептерінде де қаладағыдай жағдай болуы керек. Оқушылар жайлы сыныптарда заманға сай білім алуы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, — деді облыс әкімі.
Жаңа білім ордасы ауылдағы балалардың заманауи ортада білім алып, спортпен және шығармашылықпен айналысуына жаңа мүмкіндік беріп отыр.




