Шығыстың алтын тәжі саналған Катонқарағай ауданында туризмді түлетіп, экономикаға серпін беретін іргелі жобалар іске асырылып жатыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың аталған өңірген жұмыс сапары аясында мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
Катонқарағай ауданы үшін географиялық ерекшеліктерді ескере отырып, экономиканы әртараптандыру бағытындағы негізгі басымдық – туризм. Бұл сала шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, халықты өнімді әрі жоғары табысты жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді аймақ басшысы.
Биыл Катонқарағай ауданында туризм саласында бес жоба қолға алынған. Олар:
Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантамен емдеу орталығын кеңейту;
Аршаты ауылында «Altay Resort» курорттық кешенінің құрылысы;
Катонқарағай ауылында «Altay Terra Resort» туристік кешенін салу;
Өрел ауылында «Мұзтау» экоқонақ үйінің мейрамханасын салу;
Топқайың ауылында «Qaton Qaragai Resort&SPA» демалыс базасын кеңейту.
Маусым айында Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Іс-шараға 10 мыңнан астам турист қатысты. Қатысушылардың 80%-дан астамы еліміздің басқа өңірлері мен Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түркіменстан, Әзірбайжан сынды шет мемлекеттерден келді.
Былтыр Катонқарағай ауылында жеке инвестиция есебінен «Қаратай», «Ұлназ» қонақ үйлерінің қызметі кеңейтіліп, «Баян» ғимараты қонақ үй ретінде қайта жаңғыртылды, Согорное ауылындағы жолайрықта кемпинг салынды, Белқарағай ауылындағы «Баян» пантамен емдеу орталығы кеңейтілді.
2026 жылы «Tor’re Altay Invest» ЖШС-нің 120 орындық «Wellness Resort» шипажай-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланған.
Статистикалық деректерге сәйкес, қазір ауданда туристерге арналған 50 орналастыру нысаны тіркелген, ал былтыр келушілер саны 33,5 мың адамнан асты.
Қазір ауданда тұрақты туристік кластер қалыптастыру мақсатында туризмді дамыту бойынша шеберлік-жоспар әзірленіп жатыр. Облыс әкімі бұл құжатты 1 қыркүйекке дейін дайындауды тапсырды.
Сонымен қатар аудан аумағындағы туристік орындар бойынша санитарлық-гигиеналық тораптар құрылысына қатысты ұсыныстарды 17 шілдеге дейін енгізуді, инвестициялық жобалар тізбесін жасап, оларды ұлттық және өңірлік пулдарға енгізу жұмысын жандандыруды, сондай-ақ инвестиция тарту ісін күшейтуді тапсырды.
Туризмді дамыту – инфрақұрылым, жолдар, байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы сервис, тамақтану және қызмет көрсету сапасы. Біз бұл мәселелердің барлығын жүйелі түрде шешіп жатырмыз, – деп түйіндеді Нұрымбет Сақтағанов.




