Биылғы ақпаннан бастап елімізде тұрақтандыру қорының көкөністері белсенді сатылып жатыр. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа бағасы өскен жоқ, керісінше төмендеген. Сүт, тауық еті, ірі қара еті және нан бағасы тұрақты. Бұл туралы Үкіметте өткен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңесте айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қияр (-2,5%), балық (-1,4%), алма (-0,5%), ұсақталған ет (-0,3%), қарақұмық пен сиыр еті (-0,2%), қатты ірімшік пен жұмыртқа (-0,1%) бағасы төмендеген. Ал қызанақ, сүт, тауық еті, сүйекті сиыр еті және нан бағасы тұрақты. Көкөніс пен жеміс-жидек бағасы маусымаралық кезеңге байланысты өсіп келе жатқаны байқалады.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында ақпаннан бастап тұрақтандыру қорындағы көкөністер белсенді сатыла бастады. Бүгінгі күнге дейін аймақтардағы сауда орындарына 57 мың тоннадан астам көкөніс жеткізілді. Ақпанда нарыққа қосымша шамамен 80 мың тонна картоп, 11 мың тонна пияз, 27 мың тонна сәбіз және 19 мың тонна қырыққабат шығару жоспарланған.
Жиында майлы өнімдер, атап айтқанда, күнбағыс майының бағасын тұрақтандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне отандық зауыттарда күнбағыс майын өндіру үшін фермерлерді майлы тұқым сатуға ынталандыратын шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шара фермерлерді қолдауға, кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз етуге және ішкі нарыққа май жеткізілімін арттыруға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері 72 аймақтық комиссия отырысы өтіп, сауда үстемесін қолдану тәртібін бұзудың 128 фактісі анықталған. Сауда саласында мемлекеттік бақылауға 218 бизнес субъектісі қамтылған, жалпы салынған айыппұл сомасы – 3,7 млн теңге.




