Қазақстан 2028 жылға дейін негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды F16.kz порталы Primeminister.kz—ке сілтеме жасап.
Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен 80–100% және одан да жоғары деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың бәрі еліміздің тұрғындарының қажеттілігін толық өтеуде. Десе де, құс еті, шұжық, ірімшік, қант және балық бойынша импорт сақталуда, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Аталған бағыттардағы тәуелділікті төмендету үшін инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2022–2024 жылдары қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 құс фабрикасы іске қосылды. Бұл құс етімен қамтамасыз ету деңгейін 67%-дан 79%-ға жеткізді. 2028 жылға дейін тағы 41 кәсіпорын іске қосылып, толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
СҮТ ФЕРМАСЫ КӨБЕЙЕДІ
Егер 2019 жылы елде небары 19 сүт фермасы болса, бүгінде олардың саны 69-ға жетті, тағы 47-сі салынып жатыр. Барлығы 116 ферма іске қосылған соң сүт өндірісі жылына 600 мың тоннаға артып, ірімшік пен сүзбе қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қолға алған. Ведомствоның хабарлауынша, жыл басынан бері бағаның өсу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өсімінің орташа индексі 8% болған кезде, екінші тоқсаннан бастап оның баяулағаны байқалады: сәуірде – 1,6%, мамырда – 1%, маусымда – 0,7%, шілдеде – 0,4%, тамыздың екі аптасында – небары 0,1%.
ӘЛЕУМЕТТІК АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ӨСПЕЙДІ
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым бөлігі ЕАЭО елдері арасындағы ең арзаны болып отыр.
Күнбағыс майы, сүзбе, жұмыртқа, тұз, қарақұмық, күріш, ұн, көкөніс сынды барлығы 15 азық-түлік өнімі бойынша Қазақстанда ЕАЭО елдерінің ішіндегі ең төмен нарықтық бағалар тіркелген. Сүт пен сиыр еті бойынша Қазақстан тек Беларусьтан кейін тұр, құс еті бойынша Беларусь пен Ресейден, ал сары май бойынша Қырғызстаннан кейін, – деді бірінші вице-министр.
Бағаны ішкі нарықта тұрақтандыру үшін мемлекет бордақылау алаңдарын дамытуға, ет кластерін құруға қолдау көрсетіп, өңірлер мен ірі қалаларда фермерлерге тегін сауда орындары ұсынылатын жәрмеңкелер өткізіп келеді.
ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ
Сонымен қатар отандық өндірісті қолдау және қазақстандық тауарлардың сауда желілеріндегі сөрелерде болуын қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі заңнамаға өзгерістер дайындауға кіріскен. Мәселен, жеткізілімдер үшін төлемді кейінге қалдыру мерзімін 30 күнмен шектеу ұсынылды. Сондай-ақ отандық өнімдерді сөрелерге орналастыруға қоғамдық бақылау тетігі енгізілмек. Тұрғындар заң бұзушылықтарды тіркеп, уәкілетті органға жолдай алады. Ол үшін «Сапалы өнім» жүйесі әзірленіп жатыр.




