Жапониядан келген арнайы делегация Шығыстың мың да бір дертке дауа өсімдігі мен балына қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Жуықта Өскеменде ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оны Жапониядан аттай қалап алдыртқан косметикалық өнімдер жөніндегі JICA сарапшысы Джунко Йошимидзу мен жаңа өнім түрлерін әзірлеу жөніндегі JICA OVOP сарапшысы Наоко Накамура өткізді. Шетелдік сарапшылар өсімдіктен эфир майы мен эфир суын алуды жетік меңгерген және оны ароматерапия, сабын, жақпамай жасау барысында қолдануды да жақсы біледі.
Бұл шараны өңірдің кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырды. Шеберлік сабағы кезінде мамандар жергілікті жерде өсетін жаужапырақ пен шайқурайды қолданды.
Жапониялық сарапшыларға алғысымыз шексіз. Біз үйренген тәжірибені пайдаланып, өзіміз жинайтын шөптерден жаңа өнім желісін жасап көруге ниеттіміз, – деді жобаға қатысушы Ольга Бобрышева.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, қонақтар жергілікті тұрғындардың қолымен жасалған ерекше әрі ұлттық өнімдерге ерекше қызығушылық танытқан.
Сонымен қатар жапон сарапшыларын алуан түрлі болып келетін Алтай балының сапасы таңғалдырды. Олар бал қосылған сусыннан (медовуха) дәм татып көріп, бал өңдеу цехына барды.




